Абайдың 175 жылдығы: «Абай-Шәкәрім» кешенінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Келер жылы қазақтың ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіледі. Осыған орай түрлі ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ бірқатар мемориалдық кешендерде, соның ішінде «Абай-Шәкәрім» кешенінде жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. 

ЖАНДОС ӘУБӘКІР, АБАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінде іс-шараға 200 млн қаражат көлемінде қарастырылып жатыр. Бұл – «Қазқайтажаңарту» мекемесі арқылы осы кешенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Мақсатымыз – шетелден келетін туристерге, өз еліміздің туристеріне, Абай рухына тағзым етіп келетін, Абай мұрасына назар салғысы келетін азаматтарға қолдан келгенше жағдай жасау. Яғни музей халықаралық дәрежедегі заманауи музей болу керек.

Абайдың ұрпағы Құсман Берлешов бұл шара – еліміздің мәртебесін асқақтатып, әлемге танылар тағы бір мүмкіндік дейді. Ұлы ақынның туған жеріне шет мемлекеттерден туристер ағылады. Өйткені Абай Құнанбайұлын тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде таниды.

ҚҰСМАН БЕРЛЕШОВ, АБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ:

- Тағзым жасап жатқан біздің Қазақ елі ғана емес, анау алыс Германиядан келген неміс халқы да осында келіп тағзым жасап, кәдімгідей біз Гетені білген кезде Гете мен Абай атаны қатар қойып, қазіргі уақытта сол кісінің шығармаларының бәрін жатқа айта аламыз дейді. Атамыздың айтатыны, қара сөздерінің бәрі біздің бағдаршамымыз, сол жолмен жүруіміз керек.

Ұлы ақынның туған жері Жидебайға күн сайын ондаған турист келеді. Ал жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 100-ге дейін жетеді. Семей қаласынан 180 шақырым жерде жазушының музейі орналасқан. Бұл үйді 124 жыл бұрын ақынның өзі тұрғызған. Ол бүкіл өмірін осында өткізіп, шығармашылықпен айналысқан. Қазіргі кезде музейге келушілер ақынның жеке заттарынан 50-ден астам құнды жәдігерді көре алады. Ұлы Абайдың бай мұрасын толыққанды зерттеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мұндағы мол мұраны 3 тілдегі аудиогид, мультимедиялық қондырғылар арқылы жас ұрпақ пен шетелдік қонақтар назарына жаңаша ұсынуды жоспарлап отыр.