2018 жылы Қазақстанға 8,5 миллионға жуық шетелдік турист келген

Тамылжыған табиғат, бай флора мен фауна, бапталған атқа қонып, құмай тазы жетектеп, қыран құсты аңға салып саятшылық құру. Көшпенділердің тұрмыстық салтымен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін тату. Эко және этнографиялық туризм бағыттарына әуес шетелдік саяхатшылар шежірелі өткенін сақтай білген Қазақстанның осы қырларын тамашалап қайтуға әуес. Былтыр ғана елімізге 8,5 миллионға жуық шетелдік турист келген. Бұл алдыңғы жылдан 10 пайызға артық. Әтеттегідей ресейліктердің саны басым. Сондай-ақ Германия, Франция, Польша сынды Еуропа елдерімен қатар Малайзия, Корея мен Үнді сынды Оңтүстік Шығыс Азия азаматтарының қызығушылығы артып келетіні байқалады.

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізбен визасыз режим және тікелей әуе рейстері бар елдердің азаматтары Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» ірі халықаралық шарасы да Қазақстанның танымалдылығы мен тартымдылығын арттыра түсті. Мамыр айының соңында туризмді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ол құжат инфроқұрылымдық жаңғырутмен қатар жалпы туризм қызметтерін жетілдіріп, сала мамандарының біліктілігін арттыруды көздейді.

Бұған қоса, биыл Әзербайжан, Жапония мен АҚШ елдерінен тікелей әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Бұл да – туристік ағынды арттырудың қамы. Себебі осы мемлекеттерден келуші азаматтардың да саны артып отыр. Сондай-ақ Қазақстан сырт ел тұрғындарына жалпы, Орталық Азия аймағының аса маңызды құрамдас тармағы ретінде тартымды. Бұл орайда Ұлы Жібек жолы жобасы қолға алынған. Туристер көне сауда керуенінің ізімен жүріп, тарихи-мәдени нысандармен таныса алады.

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

-  Қазақстан Жібек жолының маңызды тармағы ретінде де кеңге танымал. Оңтүстік Қазақстанның барлық аумағында осыны айғақтайтын көне ескерткіштер мен дереккөздер бар. Тарихи нысандар мен киелі мекендердің көбі ЮНЕСКО-ның адамзаттық мұралар тізіміне енген. Оны шетел туристері жақсы біледі. Сондықтан бір ғана сапармен бірнеше елді қамтитын Жібек жолын аралап шығуды қалайды.

Сондықтан халықаралық интеграциялық қарым-қатынас аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Жібек жолы» атты бірыңғай туристік виза енгізіледі. Қазір бұл бастамаға ортақ көне керуен ізі бойындағы елдерді кірістіру жағы қарастырылып жатыр. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: 7kun.kz