Қазақстандық студенттер Таиланд университетінің стипендиаты атана алады ма?

Қазақстан мен Таиланд елі білім саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Еліміздегі көптеген оқу орны басшыларымен кездескен Тайланд елінің елшілігі осындай байлам жасады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Таиланд Королдігінің төтенше және өкілетті елшісі Расс Джаличандра мырза бас қаладағы университеттердің бірінде басшыларымен болған кездесуде екіжақты білім саласын дамыту және стипендиялық тұрғыда студенттерді оқыту мүмкіндіктері талқыланғандығын тілге тиек етті. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасынан бөлек Ресей, Қытай, Үндістан секілді мемлекеттермен Қазақ елі әлдеқашан салалық байланыс орнатқан. Таиландпен бұрын-соңды студенттермен оқыту бойынша келісім болмапты.  

РАСС ДЖАЛИЧАНДРА, ТАИЛАНД КОРОЛЬДІГІНІҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Алғашқы кездесу барысында университет басшылығы бізге университеттің барлық мүмкіндіктерін таныстырды. Сол кездесуде тайлық студенттерді осында әкеліп оқыту және қазақстандық студенттерді Таиландта оқыту идеясы талқыланған болатын. Бүгінде оны қалай жүзеге асыру жолдарын ойластырудамыз.

Таиланд әлемге әсем табиғатымен, көптеген курорттық аймақтарымен, ерекше мүсінді ғимараттарымен, бір сөзбен өз туризмімен танымал. Сәйкесінше, онда қонақты күтіп шығарып салу, қонақүй бизнесі айрықша дамыған. Таиланд Королігінің елшісі университетте өткен кездесу барысында студенттерді осы салаға бағыттап, оқыту түрін ұсынған.

РАСС ДЖАЛИЧАНДРА, ТАИЛАНД КОРОЛЬДІГІНІҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

– Таиландта қонақжайлылық, қонақ үй бизнесі жақсы дамыған. Кездесуім барысында осы туралы сөз еттім. Егер университет тарапы өз қолдауын көрсететін болса, онда қазақстандық студенттер біздің университеттерде қонақ үй бизнесі саласында білім ала алады.

Алдағы уақытта Таиланд мемлекетінің елшілік өкілдері осы заң университетінің қабырғасында тағы бір мәрте бас қосып, жобаны жүзеге асыру жолдарын түпкілікті талқылап таразылайды. Егер кездесу сәтті аяқталып, тараптар өзара келісе алса, келер жылдан бастап қазақстандық студенттер Таиланд университетінің стипендиаты атана алады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: arnapress.kz