Ауылшаруашылық алқаптарға 32 бағытта ғарыштық мониторинг жүргізіледі

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру. Еліміздің 35 млн гектардан астам егістік алқабы сандық жүйеге келтірілді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Бұл отандық ғарыш саласының инфроқұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болып отыр. Алқаптардың жалпы жағдайын саралау үшін жерсеріктік бағалау жүргізіледі. Түсірілімдерде егістіктің әр метрі тайға таңба басқандай анық көрінеді. Тіпті бұл заманауи жүйе дәннің сапасын анықтап, дақылдардың шығымдылығын болжай алады. Ғарыштық мониторинг астық егуден бастап өнім жинауға дейінгі кезеңді толықтай қамтиды.

НӘЙЛЯ ТАНАТ, «ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ» ҰК» АҚ  ИНЖЕНЕРІ:

 - Бұл нәтижелермен мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілуде. Және егістіктердің өнім шығындылығы бойынша ақпарат алынады. Ол ақпарат жерді қашықтықтан зонттау деректері мен статистикалық мәліметтермен салыстырылып, кейбір айырмашылықтар анықталған жағдайда бұл бағытта арнайы жұмыстар жасалып жатыр.

Қазақстанның кең байтақ жерінде орманды, жасыл желектері де жетерлік. Ел аумағының 24,3 млн гектарын тоғайлы алқап алып жатыр. Жайқалған жасыл желек қорын сақтау үшін де ғарыштық технология қолданылады. Жерсеріктік бақылау орманды тілсіз жаудан дер кезінде қорғап, өрттің алдын алу және заңсыз ағаш кесу фактілерін әшкерелеу қамында жасалады.

САБЫРЖАН ІЛІЯСОВ, «ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ» ҰК» АҚ  ТАҚЫРЫПТЫҚ ӨҢДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Ғарыштық суреттер жасап бақылау арқылы болған фактілерді геопорталға жүктеп, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне жібереміз. Олар сол арқылы іс-шара қолдана алады.

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мемлекеттік органдарға ауылшаруашылық алқаптары мен табиғи қорды қашықтықтан бақылаудың 32 бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Биыл жайылымдарды анықтау және жерді тиімді пайдалану бойынша да жерсеріктік деректі мәліметтер беруге қатысты тырнақалды бастама қолға алынған. Жалпы ғарыштық ақпараттық мониторинг жобасына 180-ге тарта маман жұмылдырылған.      

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: agro-soft.info