Құрбан шалу жайында маңызды сұрақтарға жауап

Құрбан шалу жайында маңызды сұрақтарға жауап

Биылғы Құрбан айт мерекесі 11 тамызда басталады. Құрбандық малын сол күні айт намазынан бастап 13 тамыздың Шам намазына дейін шалып үлгеру керек.

1. Құрбан шалу кімге парыз? Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?  


Құрбандық шалатын адам:

  • Мұсылман  болуы керек
  • Тұрғылықты (жолаушы болмау)
  • Ақыл-есі дұрыс
  • Балиғатқа толған 
  • Бақуатты. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).

Бұл дегеніміз,  бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы  бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады.

Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек.

 

2. Құрбанымды өзге біреуге шалдыруға бола ма?

Құрбандық шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды тікелей болмаса, телефон  немесе хат  жолдау арқылы өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады.  Сондықтан туыстарыңыздың  біріне айтып, құрбан малын бауыздата аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз. Пайғамбарымыздың да қасапшыларға құрбан шалдырғандығы хадистерде айтылған.

 

3. Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға  бола ма?

Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып оған құрбандық шалатын болсаңыз, оның еш ағаттығы болмайды.  

 

4. Құлағына ен салынған мал құрбандыққа жарамды ма?

Малды құрбандыққа жарамды деуіміз үшін кейбір кемшіліктен ада болуы шарт.  Сол кемшіліктердің бірі ретінде малдың құлағы мен құйрығының кесілгендігін айтамыз.

Құлағы мен құйрығының жартысынан астамы кесілген болса,  ол мал құрбандыққа жарамсыз, ал  жартысынан аз кесілген болса, құрбандық ретінде шалуға рұқсат. Ендеше, ен салынған малдың құлағының жартысынан көбі аман болса, ол мал құрбандыққа жарамды.

 

5. Құр­бан­дық­қа қандай малдар жарамды?

Тек қа­на қой, еш­кі, сиыр жә­не түйе мал­да­рын ға­на құр­бан­дық­қа ша­лу­ға бо­ла­ды. Құр­бан ре­тін­де ша­лы­на­тын қой жә­не еш­кі кем де­ген­де 1 жа­сар, сиыр 2 жа­сар, түйе 5 жа­сар бо­луы ке­рек. Ал­ты-же­ті ай­лық ке­пе қо­зы бір жа­сар қой сияқ­ты се­міз, ет­ті бол­са, құр­бан­дық­қа ша­лу­ға жа­райды. Қой мен еш­кі­нің ер­ке­гін, сиыр­дың ұр­ға­шы­сын ша­лу аб­зал. Тауық, қо­раз, қаз, үй­рек сияқ­ты құс­тар құр­бан ре­тін­де сойыл­майды.

Құр­бан­дық­қа жа­ра­май­тын мал: 

  • Бір кө­зі со­қыр
  • Сойыла­тын жер­ге же­те ал­май­тын дә­ре­же­де әл­сіз
  • Құ­ла­ғы не­ме­се құйры­ғы ту­ма­дан жоқ не­ме­се ба­сым бө­лі­гі ке­сіл­ген
  • Тіс­те­рі­нің кө­бі тү­сіп қал­ған
  • Ем­шек­те­рі­нің ба­сы жұ­лы­нып қал­ған
  • Бір мүйізі не­ме­се екеуі де тү­бі­нен сын­ған

Құр­бан ша­луы уә­жіп бол­ған кі­сі­нің құр­бан­дық ма­лын­да атал­мыш кем­ші­лік­тер­дің біреуі са­тып ал­ған­нан кейін пайда бол­са не­ме­се ал­ған ма­лы өліп қал­са, қайта­дан құр­бан­дық­қа жа­рай­тын мал са­тып алып ша­луы ке­рек.

 

6. Құрбан малының қай ағзасы желінбейді?

Жалпы, еті адал малдардың мына ағзалары желінбейді: аққан қаны, аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті.  

 

7. Қыз баласына құрбан шалуға болады ма?

Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ.

 

8. Жесір әйелге құрбан шалуға болмайды деген рас па?

Егер әйел кісі бақуатты болса (жағдайы болса), құрбан шалуы – уәжіп (яғни керек). Бақуатты болмаса, құрбан шалуға міндетті емес, дегенмен сауап үшін құрбан шалуына да болады, етін таратпай өзіне қалдыруына құқылы. Ерінің қайтыс болуы құрбан шалуына кедергі емес. Әрбірден соң, мүмкіндігі болса, қайтыс болған ерінің атына арнап бөлек құрбан шалып, сауабын марқұм жарының рухына бағыштап жібергені дұрыс. Бірақ міндет емес.    

 

9. Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә ма?

Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқығыңыз бар.

 

10. Құрбандыққа атаған малым жоғалды, не істеймін?

Арнайы құрбан үшін атаған малы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, мал иесінің жағдайына қараймыз: мал иесінің жағдайы төмен болса, әлгінің орнына басқасын шалуына міндетті емес. Ал бақуатты болса орнына басқа мал шалуы шарт.

 

11. Құрбанға шалынған малдың терісін сатуға болады ма?

Құрбанға шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп үй қажеттілігіне де қолданса болады. Себебі, етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат болуы заңды.

Бірақ құрбан терісін ақшаға сатуға болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім құрбанынын терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп»,[13][3] – деп теріні сатпауды баса айтуда. Дегенмен түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуына болады.

 

12. Құрбандықты уақытында шала алмаса, не істеу керек?

Құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақытысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малды тірідей садақа етіп береді.  Ал, бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс.

Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алынған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуына міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет.

 

13. Құрбандық етін христиан көршіме берсем, бола ма?

Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла (Т.) дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді», – дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал, құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.

 

14. Неге жылқы малы құрбандыққа шалынбайды? 

Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:

«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[25]

Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам - بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі.  Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар - құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар.

 

Ақпарат muslim.kz сайтынан алынды