Парижде ұлттық тағамдар мейрамханасын ашқан қазақ қызы

Франция төрінде ісін өрге дөңгелеткен қазақ қызы. Гаухар Ассион Париж қаласының орталығында Еуразия халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татқысы келетіндер үшін мейрамхана ашқан. Мұнда қазақтың еті, манты, палау, тұшпара сынды ас түрлері ұсынылады. Бүгінде бұл орын жоғары сұранысқа ие мейрамханалар тізіміне кіретінін атап көрсету керек.

ГАУХАР АССИОН, МЕЙРАМХАНА ИЕСІ:

- Мейрамхананы ашқанда көп тер төгіп, талай қиындық көрдік. Мұны бала күткенмен салыстыруға болады. Ал аспазхананы негізінен сауда тұрғысынан аштық. Оған да көп қаражат құйдық. Бастысы – ең алдымен пайда табудың көзі.

Францияда шағын бизнес саласында бәсекелестік жоғары. Әйтсе де, біраз жеңілдіктер қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру үшін үстемесіз несие беріледі, кәсібін бастағандарға алғашқы жылдары салық төлеуге де жеңілдіктер бар. Дегенмен инвестицияны ақтауға ұзақ уақыт кетеді. Гаухар жолдасымен бірге сол үшін бірнеше жыл бойы күніне 14 сағат жұмыс істеуге тура келді.

ГАУХАР АССИОН, МЕЙРАМХАНА ИЕСІ:

 - Біз ешқашан жұмыссыз отырған жоқпыз, нәпақамызды өзіміз тауып жүрдік. Бүгінде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Күйеуіміз екеуміз осыны мақтан тұтамыз.

Гаухар Қазақстанға келгенде, үнемі жергілікті дәмханалардың жұмысына назар аударады. Айтуынша, ас дайындауда Парижден кем түспейді, бірақ қызмет көрсету жағын жетілдіру қажет. Бұл салада табысқа жету үшін тынбай еңбек етіп, сапаға басты көңіл бөлу керек дейді ол.

Фото: 365info.kz