Туристер Каспийде кемемен саяхат жасап жүр

Қазақстандық компаниялар қонақтарға жаңа туристік өнімдер ұсынуда. Демалушыларға қызметтің түр-түрі әзірленген. Мысалы, Ақтауда туристер кемеге мініп, Каспий теңізіне серуенге шығып, қала келбетін тамашалай алады. Су көлігі ашық теңізге күн сайын шығады. Жүрдек катерлерді басқару халықаралық дәрежедегі желкенді қайық спортының шеберлеріне жүктелген. Кеме жарты сағатта 7 шақырымды жүзіп өтеді. Бар-жоғы екі аптада бұл су көліктерімен 3 мыңға жуық адам теңіз бетінде серуен құрып үлгерді.

АЙНҰР УСЕЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Өте тамаша, өзім бірінші рет осы теңізге шығып тұрмын. Осындай катерлер көбейе берсін. Туризм дами берсін. Кәсіпкерге көп-көп рахмет.

ТЕМІРЛАН ТУЛЕШОВ, СТУДЕНТ:

 - Осы қайықтарды теңіз жағалауында жүргенде көретін едім. Бүгін осы қайыққа мініп отырған жайым бар. Әсерім жақсы, іші тамаша. Бүгін жалғыз келіп тұрмын, келесіде қызбен келуім мүмкін.

Ұшқыр катерлер Ресейдегі зауытта құрастырылған. Олар толқыны қатты Каспий теңізінде еркін жүзуі үшін біршама жетілдірілген. Оның кең палубасы күн сәулесінен қорғайтын биік шатырмен жабылған. Туристерге арналған су көлігін қуаты 200 аттың күшіне тең мотор қозғалтады, 90 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Бортына 15 адам сияды.

ҒАНИ ӘБДІСАДЫҚ, КӘСІПКЕР:

- Бұл жобаны бұрыннан әзірлеп, біраз уақыттан бері пысықтап жүрміз. Үш жылдай болды. Каспий – ерекше теңіз. Биіктігі мен жылдамдығы жағынан толқындары да әркелкі. Катерлерді одан әрі табысты пайдалану үшін толқын қайтаратын тосқауылдар керек. Егер жергілікті билік өкілдері рұқсат етсе, біз арнайы конструкцияларды жеткізуге дайынбыз. Бұл толқындарды басуға мүмкіндік береді.

Өңірде туристік серуендерден басқа Форт-Шевченко, Актау, Құрық және Кендірлі елдімекендері арасында теңіз қатынасы жолға қойылмақ.

Фото: Хабар 24