Елордада алғаш рет «PATA Travel Mart 2019» халықаралық туристік көрмесі өтеді

Қазақстанда әлемнің туристік сала мамандары бас қосады. Елордада алғаш рет «PATA Travel Mart 2019» халықаралық туристік көрмесі өтеді. Жалпы бұл Азия-Тынық мұхиты туризм қауымдастығының Орталық Азия және ТМД елдері аумағындағы тұңғыш шарасы болмақ. Алдағы қыркүйек айының 18 мен 20-сы күндері Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің 60 елінен мыңнан артық қатысушы жиналады деп күтілуде.

PUANGTHIP CHOTIPANTAWANON, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «PATA» ТУРИЗМ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ  ӨКІЛІ /ТАЙЛАНД/:

-  Білім беру тақырыбына арналған екі бірдей ауқымды шара өтеді. Оның біреуі – треволюжн форматындағы жиын. Онда туризм саласындағы соңғы технологиялық жаңалықтар, үздік жобалар таныстырылады. Ал екіншісі стэри тренинг бойынша танымал режиссер туристік бағыттарды тиімді ұсынып, сату жолдарын көрсететін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Әлемнің саяхат құруға қолайлы мемлекеттерде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін көрменің басты мақсаты – сала мамандарының арасында іскерлік әріптестікті нығайтып, туризм бизнесін дамыту. Бұл ауқымды шараның Нұр-Сұлтан қаласында өтуі Қазақстанмен қатар жалпы Орталық Азия аймағының туристік әлеуетін арттыруға септеседі, дейді ұйымдастырушылар.

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ,  «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл жиынға Орталық Азия аймағының туристік бағыттарын ұсынатын 300-ге тарта арнайы маман келеді. Жоспарға сай жалпы отандық және шетелдік туристік сала өкілдері арасында 10 мың сағат көлемінде бизнес кездесулер өтеді.

Бұл ең алдымен халықаралық маркетинг – өлкенің туристік мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде танытудың  бірден-бір жолы, дейді мамандар. Көрмеден әлемге хабар тарататын 20-дан астам халықаралық БАҚ өкілдері келеді деп күтілуде. Айта кетейік, 1978 жылдан үздіксіз ұйымдастырылып келетін шара бүгінге дейін 44 ірі шаһарды қамтып, дәстүрлі жиындарына 40 мыңнан астам делегат қатысқан.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: pata.org