19-29 жас аралығындағы азаматтарға арналған «Zhas Project» жобасының игілігі

Жастардың өршіл бастамалары мен тың ойларын жүзеге асырып, әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырына машықтау. Бұл – Қазақстандағы Жастар жылының алдына қойған басты мақсаты.  Осы орайда елімізде Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министірлігінің бірлескен «Zhas Project» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында әлеумет қамында қолға алынған қоғамдық жобаларды қолдауға 1 миллион теңгеге дейін грант бөлінеді. Сондай-ақ тың бастамаға қатысушыларға ай сайынғы стипендия тағайындалады. Олар жеке ісін жарты жылдың ішінде аяққа тұрғызып алулары қажет. Бағдарлама 19-29 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды, - деп хабарлайды Kazakh TV тілшісі.

АЛЕКСАНДРИЯ ВАЛЕРИО, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

 - 8 мыңға тарта жас кәсіпкер бұл бағдарламаның шарапатын татып үлгерді. Олар түрлі тренингтерінен өтіп, кәсіпкерліктің негізгі қағидаларына дағдылайтын бағдарламалармен оқытылды. Сондай-ақ әр жоба менторлардың қолдауына ие болды. Олар жеке істерін жүргізу үшін бюджет құрудың қыр-сырына үйретілді. Дүниежүзілік банк жобаны жүзеге асыруға 21 млн доллар қаржы бағыттады.  

Бағдарламаның қолдауын тапқан жобалардың бірі «Book Time». Бұл бастама қатысушылары балаларға оқу мәдениетін дәріптейді. Игі шара авторлары бөлінген грантты арнайы қондырғылар мен кітаптар алуға жұмсаған. Қысқа уақытта орталық сұранысқа ие болды.

МӘДИНА ТОЙЫМБАЕВА, «BOOK TIME» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Балаларды кітап оқуға деген құлшынысын ояту оңай емес. Біз көптеген ата-ананың осы мәселесін шешу жолдарын ұсынамыз. Баланы кітап оқу мәдениетіне жастайынан баулу керек. Өйткені көркем немесе өзге де танымдық әдебиеттер балғындардың ой-өрісін кеңейтеді. Ойын дұрыс саралап жеткізуге машықтайды. 

Жоба қатысушылары ұжымдық жұмыстарда топтасып, жобаны дұрыс басқара білуге үйренеді. Қорытынды кезеңде тың ойларын іске асырып, бизнес құруға дағдыланады. Биыл «Zhas Project» жобасы Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан өңірлерінің жастарын қамтып отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: pricom.kz