Алакөл маңындағы шипажайды абаттандыруға 16 млрд теңге жұмсалмақ

Алакөл іргесіндегі шипажайды абаттандыру жұмыстарына 16 млрд теңге жұмсалмақ. Ақши ауылында туристер қабылдауға саябақ салынып, әлеуметтік нысандар тұрғызылды, инфрақұрылым жаңартылды. Келер жылдан бастап Ақшиге келетін туристер шипалы суға шомылып қана қоймай, сейіл құрып серуендейтін болады. Жасыл желекпен көмкерілетін мәдени орында балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңы және амфитеатр қарастырылған.

ДЕНИС КОНЫГИН, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

- Құрылыс мамыр айында басталды. Бекітілген кестеге сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Желтоқсан айында өткізуіміз керек, бірақ қарашада бітіре берсек деп отырмыз.

Айдынды Алакөлдің Алматы облысына қарасты аймағында былтыр 1 млн-нан аса адам тыныққан. Ал биыл туристер саны 200 мыңға артады деп күтілуде. Шомылу маусымы басталғалы  жағалаудан кісі қарасы үзілген емес.

АЖАР ӘБИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Алматы қаласынан арнайы келдім. Бәрі жақсы, ұнады.Қызмет сапасы көңілімнен шықты.

Соңғы 3 жылда Ақши ауылындағы туризмді дамыту үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Соның нәтижесінде елді мекендегі жолдар жөнделіп, электр желілері тартылды. Темір жол, әуе қатынасы ретке келтірілді. Арнайы коммуналдық шаруашылық та құрылды.

ДАСТАН АҚАНОВ, АУДАНДЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, 7 дана техника сатып алынды. Биыл тағы 195 млн теңге бөлініп, 8 дана техника қосымша сатып алынуда. Қазіргі таңда төртеуі келді. Төртеуіне тапсырыс берілді.

Соңғы 5 жылда мұнда 200-ден астам демалыс орны бой көтерді. Ал алдағы уақытта жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген соң, аллея мен веложол салу жоспарланған. Бұл да өңірде туризмнің дамуына тың серпін бермек.

Фото: tengritravel.kz