Оралдық әжелер киіз басу өнерін жастарға үйретіп жүр

Қазақ халқының көне заманнан келе жатқан әдет-ғұрыптарының бірі – киіз басу өнері. Киізден тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар жасаумен қатар оған оюлап, өрнек салынған. Киіз басу жолдары да барлық жерде бірдей орындалады. Алдымен ши бетіне бірыңғай түсті жүн қалың етіп тартылып, басқа түске боялған жүннен ою түседі. Сонан соң бетіне ыстық су себіліп, шиге еппен оралады да, әрі-бері домалатып теуіп, нығыздалады. Ал киіз әбден «піскеннен» кейін оны күнге жайып қояды. Киіз бетіне ою жүргізетін шебер ел арасында аса құрметке ие. Бүгінде Оралда әжелер алаша дайындап, ши тоқуды жастарға үйретуде. Жақсыгүл Жармақанова мен Күлайша Жаңашевалар ұршық иіруден бастап, өрмек өрудің қыр-сырымен бөлісетін болады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасы.

Ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа үйрету, баба мұрасын болашаққа жалғау – парызымыз дейді, жасы 80-ге жақындаған қолөнер шеберлері.

КҮЛАЙША ЖАНАШЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Түйенің шудасынан иіріп аламыз, мықтылау болады. Қойдың жүнінен көбіне мынадай киіз басамыз, түр киіз, тұс киіз дейді, кәдімгі үйдің ішіне төсейтін киіз. Оған да осындай түр саламыз. Бұл сәндікке әдемі әрі жылы болады.

АЙБОЛАТ ҚҰРЫМБАЕВ, ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- 200-ден астам шеберлер бар, бағыттары алуан түрлі. Бірақ алаша тоқу, ши тоқу деген бізде ұмыт қалған. Қазіргі уақытта олардың кейбірі біледі, кейбірі бала кезде көрген. Бірақ соны қайта бастама алу үшін әжелеріміз келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Бұйырса, біздің өңірде де алаша тоқу, ши тоқу өнері қалпына келеді деген ойдамын.

Фото: osken-onir.kz