«Ақжайық» табиғи резерватында арнайы туристік бағыттар ашылады

Бұйра бірқазан, қоқиқаз бен қызыл тырна, су бүркіті мен шағала. Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сағасында орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік қорығының аймағында осы қанаттылардың 292 түрін кездестіруге болады. Аумағы 341 мың гектар арал әлі күнге сол қалпында сақталып тұр. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген, әлемде сирек кездесетін құстар мен жануарлар мекендейді. Сонымен қатар ақтырна, шүрегей үйрек пен аққу да бар. Осы қанаттыларды тамашалау үшін өңірге отандық және шетелдік туристер келеді. Қорық аймағы еліміздің туристік бағыттарының біріне және аймақ брендіне айналмақ.

ИЛЬЯ БОФОНОВ, ОРНИТОЛОГ:

 - Біздің резерваттың ерекшелігі мынада – бұл арал әлемдік құстар миграциясының бойында орналасқан. Сол себепті көктем, күз мезгілдерінде құстардың алуан түрін көруге болады. Мысалы, 10 миллионға жуық балшықшы, 5 миллионға тарта үйрек, 2 миллион қасқалдақ пен 35 мыңдай қоқиқаз ұшып өтеді.

Резерват биылдан бастап аралға арнайы туристік маршрут ашуды көздеп отыр. Қорықшылар демалушыларға тұмса табиғаттың тыныштығын алмай ғана алыстан қызықтауға кеңес береді.

ИСЛАМ ҚАДЫРБАЕВ, «АҚЖАЙЫҚ» МЕМЛЕКЕТТІК РЕЗЕРВАТЫНЫҢ  ТУРИЗМ ЖӘНЕ ЭКОАҒАРТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Сонымен бірге мұнда Каспий итбалығын да көруге болады. Бұл жерде олар көбеймегенімен, өзінің қорегін іздеп келіп-кетеді. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде көп кездесетін ондатр, жанат тәрізді ит, сонымен бірге қабандар да көп кездеседі.

Сондай-ақ моторлы қайықтарға мініп, Жайық өзені бойымен де серуендеуге болады. Ал жағаға қайық жықсаңыз, аймақтың өсімдіктер әлемімен де таныса аласыз. Олардың ішінде бұйрығын, атқұлақ, киікотынан бастап өзге өңірлерде сирек кездесетін 229 түрлі өсімдік бар.  

Фото: veters.kz