Ұлы Отан соғысындағы сарбаздардың сүйегі табылды

Ұлы Отан соғысының жалыны қазақ жерінің де шетін шарпып өтті. Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы және Жәнібек аудандарына 600-дей бомба тасталған екен. Сайқын, Шоңғай станциялары Орал-Рязань шойын жолының бойында орналасқан. 1942 жылы осы теміржол арқылы Сталинград майданына қару-жарақ, азық-түлік және әскер тиеген эшелондар үздіксіз ағылып жатты. Сол себепті де аталған елдімекендер жау ұшақтарының толассыз шабуылына ұшырады.

АЛЕКСАНДРА СУСИНА, САЙҚЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бомбылаған кезде эвакуацияланғандар келе жатты. Вагонда тұтқынға түскендер де болды. Олар да шабуылға ұшырады.

Шойынжол бойындағы мына шұңқырлар – сұм соғыстың қазақ жеріне салған жарасы. Ал осы апандарда талай сарбаздың сүйегі жатқанынан көпшілік бейхабар.

ЖҰБАН ҒҰМАРОВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:

 - Бауырластардың мәйіттері бар, белгілерін қойған қоршау бар, 4 зират бар. Біздің мәлімет бойынша осындай 40-50 жерлеу орындары болуы керек. Оларды іздеу керек және «воронкаларды» бомбылау орындарын қазу керек.

Жақында іздестіру тобы №356 разъездің маңынан 16 жауынгердің сүйегін жер бетіне көтерді.

СЕРГЕЙ ЛАПШИН, ІЗДЕСТІРУ ОТРЯДЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Астында қанша жатқанын білмейміз. Мынау үлкен шұңқыр, бомбылаудан кейін мүрделерді лақтырып, бетін топырақпен жаба салған. Сарбаздар бомбылауға ұшыраған. Теміржол 20 метрдей жерде орналасқан. Олардың кім екенін анықтау өкінішке қарай мүмкін емес. Себебі медальондары жоқ. Әдетте, шабуылдан соң аман қалған шені үлкені шығындар жөнінде есеп беру үшін қайтқандардың құжаттарын, медальондарын жинап алады. Бұл жерден эшелондар үздіксіз жүріп тұрған. Себебі бұл Сталинградқа апаратын жалғыз теміржол болған. Сондықтан тек теңіз әскері ғана емес, басқа да әскер түрлері өтіп тұрған. Бірақ мына түймеге қарап, бұлар теңізшілер деп ойлаймыз.

Табылғандарды теңізшілер деп топшылауға бірнеше себеп бар. Түймедегі зәкірдің белгісімен қатар, олардың бойы 2 метрге жуықтауы әскер қатарына  іріктеп алынғанын аңғартады. Тарихи деректер бойынша, 1942 жылдың 4-ші қазанында Тынық мұхиты флотына қарасты теңіз жаяу әскерінің бір құрамасы Сталинградқа бағытталады. Дәл осы разъездің маңында эшелон жау бомбылауына ұшырайды. 38 теңізші көз жұмады. Олардың аты-жөндері белгілі болғанымен, қай жерде жатқанын ешкім білмейтін. Тиісті құжаттар дайын болған соң, сарбаз сүйектері Сайқын ауылындағы бауырластар зиратына қайта жерленбек. Ал іздеу жұмыстары одан ары жалғасады.

Фото: Хабар 24