2022 жылы «Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығы көпшілікке есігін айқара ашады

Түркі әлемінің барлық кезеңдерін қамтитын көне мекен. 2022 жылы «Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығы көпшілікке есігін айқара ашады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан көне қалашықтың аумағында табылған жәдігерлер киелі жер ежелден түрлі түркі тайпаларына пана болған мекен екендігін айғақтайды. Ашық аспан астындағы тарихи танымдық мұражай 5 бөліктен тұрады. 412 гектар аумақта байырғы шаһардың тыныс-тіршілігі жаңғыртылып, ескі сәулет құрылысы қалпына келтіріледі. Нәтижесінде келушілер өткенге саяхат жасай алады. Ботай, Сақ, Ғұн, Түрік және Қазақ хандығы кезеңдеріндегі мәдениет пен салт-дәстүрді барынша тамашалауға болады. Биопарк, әскери қолданбалы өнер, шығыс базары және қолөнершілер ауылы болады.

РИНАТ ҚҰДЫСОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Сондай-ақ мәдени ойын-сауық аймағы болады. Қазақстанның аумағындағы Бозоқ мұражайына келген қонақтарға  сол жерде тұруына жағдай жасалады. Сақ кезеңіндегі монша, асханалар салынады. Онда меймандар түрлі кезеңдердің тағамынан дәм татып көреді. Ең алғаш жабайы жылқыны қолға үйреткен «Ботай мәдениеті» екені баршаға аян. Сәйгүліктерді баптау жағы да көрсетіледі. Жалпы Ұлы дала көшпенділерінің тұрмыстық салты паш етіледі.

Бүгінде жобаның фор-эскизі дайын. Сызба үлгісінде қайта бой түзейтін сәулет нысандарының 3Д форматындағы цифрлық нұсқасы көрсетілген. Құрылыс жүргізуге арналған жер телімі де бөлініп қойылыпты.

СӘУЛЕ БӨРІБАЕВА, «БОЗОҚ» ЖОБАСЫНЫҢ:

 - Ендігі кезекте фор-эскизді ғалымдар толықтай зерттеп шығады. Осы нұсқасы құпталса бірден негізгі жобалық жұмыстарға кірісеміз. Құрылыс аймағындағы  топырақ пен су құрамы толықтай зерттеледі. Кейін жобалық құжаттамаларын әзірлейміз. Қазақстан үшін аса маңызды әлеуметтік, тарихи-танымдық бастамаға жергілікті бюджеттен бөлек инвесторларды да тарту көзделген.

«Бозоқ» ескерткіші соңғы  20 жыл бойы Есіл археологиялық экспедициясымен зерттелуде. Негізгі мақсат – отандық тарихты түгендеп, орта ғасырдағы ұлттық рухани және материалдық жәдігерлерді терең саралау. Ұлы дала өркениетінен қалған көшпенділер мұрасын кеңге насихаттау.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: astana-akshamy.kz