Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында рухани-мәдени орталық салынады

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында рухани-мәдени орталық салынады

Түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһары тарихи туризм орталығына айналады. Өткен жылы өңірге 1 миллионнан астам турист келген. Биыл бұл көрсеткіш арта түспек. Шаһарды дамытудың бас жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында рухани-мәдени орталық салынады. Оның жалпы аумағы 90 гектардан асады. Мұнда бас-аяғы 11 нысан болады деп күтілуде. Олардың қатарында визит орталығы мен екі музей бар. Сондай-ақ амфитеатр, музей, аттракцион алаңдары мен өзге де әлеуметтік кешендер бой көтереді.

МАҚСАТ ЖАПАРБЕКҰЛЫ, ЖОБАЛАУШЫЛАР ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕШІСІ:

 - Түркістан қаласының тарихы бай. Бұл – Қазақ хандығы кезінде маңызды рөл атқарған шаһар. Сондықтан оның барлық ерекшеліктерін ескеріп, қаланы дұрыс бағытта дамытуымыз керек. Қазір рухани-мәдени орталықтың жобасын әзірлеп жатырмыз. Оны жақын арада аяқтаймыз.

Ал Орал қаласында сәулеттік ескерткіштерді сақтау мақсатында XVIII-XIX ғасырларда салынған 100-ден аса ғимараты бар көшені түрлендіру көзделген. Ескі қаладағы даңғыл жүргіншілер аймағына айналады. Көшеде көлік қозғалысы шектеліп, тек автобустарға ғана арналады. Сондай-ақ веложолақтар салынып, жаяу жүргіншілер аймағы кеңейтіледі. Ескі ғимараттар жаңғыртылады. Бұған қоса, көше бойында қоғамдық тамақтану және сауда орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалмақ. Осының барлығы қаланың туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізбек.

ТЕМІРБОЛАТ ШӘКІРЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Орал қаласы – Түркістан сияқты көне шаһар. Оның тарихы бай. Бізге ауқымды жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан өз ісін жетік білетін мамандарды, сарапшыларды тартамыз. Неден бастағанымыз дұрыс? Осының бәрін ойластырамыз. Бұл жер қаржы тартатын басты орталыққа айналады. Даңғылдың әр шаршы метрі кәсіпкерлердің қызығушылығына ие болатыны сөзсіз.

Тарихы терең көне қалаларды көрем деушілер көп. Тиісті инфрақұрылымды дамыту және қаланың тарихынан мол мағлұмат ұсыну арқылы Қазақстанға келетін туристер санын арттыру жоспарланып отыр.

Фото: turkistan.kz