Қазақстандық қос оқушы АҚШ-та өткен халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Қазақстандық қос оқушы АҚШ-та өткен халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Бүгінде қазақстандық оқушылар республикалық қана емес, сонымен қатар халықаралық жарыстарда да өз білімдерін сынап, биіктен көрініп жүр. Алматыдағы мамандандырылған лицейдің оқушылары әлемдік білім сайысында топ жарды. Темірлан Әбдіқадыр мен Ерасыл Өміртай АҚШ-та өткен дәстүрлі халықаралық интеллектуалды олимпиадада жүзден жүйрік шығып, олжамен оралды. Бұл жарысқа әлемнің 25 елінен оқушылар қатысқан.

ЕРАСЫЛ ӨМІРТАЙ, ОҚУШЫ:

 - Бұл Олимпиада жоғары бағаланады. Бұл коммерциялық жарыс емес. Оны әлемдегі балалардың білімін бағалау мақсатында өткізеді. Мен үшін жарыста тест тапсыру қиынға соқты. Себебі 70-тен аса сұрақ қойылып, жауап беруге 60 минут қана уақыт беріледі. Сол уақытты дұрыс үлестіру ауыр болды.

Білім сайысында бірде-бір сұрақ пен тапсырмадан сүрінбеген Темірлан алтыннан алқа тақса, Ерасыл күміс жүлдені қанжығалады. Бұл екі өреннің ендігі мақсаты – әлемдік деңгейдегі оқу орындарының студенті атану.

ТЕМІРЛАН ӘБДІҚАДЫР, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Осы АҚШ-та университеттер одақтастығы бар. Арманым – солардың қатарына кіретін танымал университеттердің болашақтағы студенті болу. Алдымдағы жоспарым осы университеттерге дайындалып, ата-анамның, мектебімнің абыройын жоғары көтеру.

Бостон интеллектуалдық олимпиадасы – отандық оқушылар бағындырған бір асу. Сапар барысында олар ағылшын тілін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды. Қос өрен білім нәрімен сусындатып, жетістікке жетелеген ұстаздарына алғыстарын білдірді. Лицейдің өзінен бүгінге дейін 400-ден аса Республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпазы шыққан.

ҒАЛЫМЖАН ӨСКЕНБАЙ, ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осы оқушылардың ішінен жетінші сыныптан, партаға отырғаннан бастап олимпиадаға жүйелі түрде дайындалады. Мектептің негізгі бағыты жаратылыстану болғандықтан, өздеріңіз білетін жаратылыстану бағыты пәндері бойынша олимпиадаға дайындалады. Қосымша гуманитарлық бағыттар бойынша да, қазақ тілі, ағылшын тілі, тарих болсын дайындалуға болады.

Халықаралық интеллектуалды олимпиаданың іріктеу кезеңіне биыл 500-ге жуық оқушы қатысқан. Білім сайысының талабы бойынша олар ағылшын тілінде эссе жазып, тест тапсырып, ауызша сұрақтарға жауап беруі керек. Қазақстандық оқушылар бұл сыннан мүдірмей өтіп, ел намысын абыроймен қорғай білді.

Фото: Хабар 24