Қостанай облысының Наурызым қорығында туристер саны 50 пайызға артты

Наурызым қорығының тұмса табиғаты туристер үшін ерекше тартымды. Отбасылық демалыс пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Қостанай облысына алыс шет елдерден ат шалдыратындар аз емес. Олардың ішінде Еуропа, Қытай, Канада мен АҚШ азаматтары да бар. Бірегей табиғи кешенге келушілер саны соңғы 3 жылда 50 пайызға артқан. Бұл жер өзінің алуан түрлі өсімдік әлемімен, сирек кездесетін аң-құстарымен қызықтырады.

ҚАНАТ БАТЫРХАНҰЛЫ, НАУРЫЗЫМ МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ең қызығы, бұл қорықта бізде мекен ететін аңдар мен құстар бар. Орманда ұя басатын бүркітті, қарақұс, аққұйрық, су бүркітін, ителгіні, олардың ұясын, балапандарына тамақ әкелгенін, аңшылыққа шығатынын көреміз деген туристер саны көбейді.

Наурызым қорығына келген адамдарды алдымен музейге апарады. Мұнда жергілікті табиғаттың бай әлемі барынша көрініс тапқан. Содан кейін туристер алдын-ала анықталып қойылған бағыттар бойынша қорықтың қызықты, көрікті деген жерлерін тамашалайды.

Жылына қорыққа 1000-ға жуық адам туристік сапар шегеді. Олар түстеніп, түнейтіндей жол бойында қонақ үйлер бар. Ал жабайы табиғатқа жақын болғысы келетіндерге палатка, көрпе қап беріледі. Жыл сайын Наурызымға ат ізін салуды әдетке айналдырған тұрақты туристердің бірі германиялық кәсіби фотограф Торстен Прел.

ТОРСТЕН ПРЁЛ, ЗЕРТТЕУШІ ФОТОГРАФ, /ГЕРМАНИЯ/:

- Бұрынғы қалпында сақталған әсем табиғатты тамашалағысы келетіндерді ұсақ-түйек тұрмыстық жағдай тоқтата алмайды. Мұнда тіпті терең ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. 

Игорь Акимов та Наурызым қорығында жиі демалады. Кейде отбасымен, кейде достарымен. Резерватқа маусымда немесе қыркүйекте келгенді ұнатамын, дейді ол.

ИГОРЬ АКИМОВ, ТУРИСТ:

 - Бұл жердің табиғаты керемет. Нақ осы Наурызым қорығында орман да, дала да, көл де бар. Тіпті, сирек кездесетін құстарды да көруге болады.  

Экологиялық туризмді тартымды ете түсу үшін қорық аумағындағы көлдер тазартылып, жағажайлар жабдықталып жатыр. Сондай-ақ туристерді тасымалдауға өтімділігі жоғары, жайлы автобус алсақ деген ойлары бар.

Фото: visitkazakhstan.kz