Қазақстан қытайлық туристер үшін аса тартымды

Қазақстан қытайлық туристер үшін аса тартымды

Қытайлық туристер Қазақстанды өзге қырынан тануға асық. Аспан асты елі саяхатшыларының үштен бірі Алматы өңірін көруге ниет танытады. Көрші мемлекеттен ағылған азаматтардың қызығушылығын Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы мен табиғи қорықтардың көркі оятқан көрінеді. Әсіресе, жаз маусымында бұл лек бір толастар емес.  

ЧЖАН АЙЖУН, ҚАТАЙЛЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ ГИДІ:

 - 2017 жылдан бастап Қазақстанда Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізілді. Біздің туристік компаниялар ел тұрғындарын осы жүйемен таныстырды. Қазақстанға саяхат жасауға ниет танытатындар көп. Былтыр 1600 турист әкелсек, биыл ол санды 2 мыңға жеткізу көзделген.

Хо Тау Қазақстанға жасаған алғашқы сапары соңғы болмайтынына сенімді. Ол мұнда көрген қызықтарын жанұясымен бірге тамашалау үшін міндетті түрде қайтып келетінін айтады. Оны қазақтың қонақжайлығы мен табиғаты тәнті еткен.                    

ХО ТАУ, ТУРИСТ /ҚЫТАЙ/:

 - Мен ұлымды ертіп Хайнаньннан келдім. Ол 8-ші сыныпты аяқтады. Мен сыйлық ретінде саяхатқа шығамыз деп уәде берген едім. Біз өзге елдерді аралап, мәдениетімен танысқымыз келді. Таңдауымыз Қазақстанға түсті. Мен ойлағаннан әлдеқайда әдемі екеніне көз жеткіздік.

Биылдың сәуір айынан бастап электронды виза жүйесі іске қосылғалы туристердің де ағыны артқаны байқалады. Бір ғана турагенттік соңғы 6 айда 700 Қытай азаматына өз қызметін көрсеткен. Алдағы тамыз айында тағы 380 адамды күтіп алу жоспарланған. Оларға 14 күннің ішінде Қазақстанның туристік әлеуеті барынша танытылатын болады.

РАУШАН САРТАЕВА,  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРКОМПАНИЯНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Алматы облысында бірнеше ұлттық парк бар. Қытайлық туристер негізінен Іле-Алатауы, Алтын Емел, Көлсай, Қайыңды мен Шарын шатқалына қызығушылық танытады. Ондағы қонақ үйлерде қазақтың дәстүрлі тұрмыстық салтымен танысады. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татады. Киіз үй жабдықтарын өз көздерімен көреді. Көлсай, Қоянды көлдерінің мөлдір суына шомылып, табиғаттың көрінісіне қанық болып қайтады.

Фото: express-k.kz