Таразда «Шахристан» тарихи-мәдени орталығы ашылады

Таразда «Шахристан» тарихи-мәдени орталығы ашылады

Тараз қаласында бірегей туристік нысан пайда болмақ. Мұнда «Шахристан» тарихи-мәдени орталығының құрылысы басталып кетті. Ескі базар аумағында өлкетану музейі, «Руханият» орталығы, көрме павильионы, галерея, амфитеатр және сағат ілінген қабырға секілді 7 ғимарат бой көтереді. Құрылысқа 397 млн теңге қаржы жұмсалады. Қазіргі кезде іргетасы құйылып, аумақ тазартылып жатыр. Сәулетшілердің айтуынша, кешеннің сәні мен сәулеті ерекше болмақ. Орталықтың ашылу мерзімі қазан айында аталып өтілетін Жамбыл облысының 80 жылдығына орайластырылып отыр.

БЕК ҚУАНЫШЕВ, «АРХИТЕКТУРАЛЫҚ БЮРО» ҚММ АҒА СӘУЛЕТШІСІ:

 - «Шахристан» «Көне Тараз» этно-тарихи кешенінің жалғасы болады. Ол Арбатпен байланысады. Арбаттың ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайды. Оның құрылысы Ақкөзиев көшесінен басталып, Байзақ батыр көшесіне дейін созылады. Сонымен қатар Төле би көшесіндегі 5 тұрғын үйге және 4 коммерциялық нысанға сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әдеттегідей, барлығы шығыс стилінде жасалады.

Туристік сала мамандарының пайымдауынша, Тараз қаласының жаңа көрікті орны қонақтарды көптеп тартуға септігін тигізеді. Өткен жылы өңірге 200 мыңға жуық адам келсе, үстіміздегі жылы туристер саны 2 есеге артады деп күтілуде. Өңірде 12 туристік маршрут пен Taraz tour арнайы қосымшасы әзірленді. Мұнда QR-код арқылы туристік нысандар туралы ақпаратты 5 тілде алуға болады.

ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Барлығы бір мобильді қосымшаға жүктелген. Онда 5,4,3,1 жұлдызды қонақ үйлер көрсетілген. Оның ішінде 154 қонақ үй Тараз қаласының аумағында орналасқан. Бұл – онлайн брондау жүйесі. Бұдан басқа, бағалар, ас мәзірі, тамақтану орындары туралы ақпарат берілген.

Фото: almakz.info