Қазақстан әуе байланыстары саласында транзиттік әлеуетін кеңейтеді

Қазақстан әуе байланыстары саласында транзиттік әлеуетін кеңейтеді

Халықаралық әуе дәліздерінің қақ ортасында орналасқан Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте елімізден жаңа бағыттар ашып, түйісу және транзиттік бағдарлар санын арттыру аса маңызды, дейді мамандар. Мәселен соңғы 7 жылда біздің ел арқылы қатынайтын әуе көлігі жолаушыларының саны 20 есеге өскен және жылына миллионға жуық адам тасымалданады. Елорда әуежайы 2018 жылы 4,5 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Соның ішінде айлақ халықаралық бағыт бойынша 1,8 млн  жолаушыны сапарына аттандырған.

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР ИИДМ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Біз қазір жолаушылар ағындарының транзитін дамыту шараларын қолға алып жатырмыз. Соңғы 7-8 жылда Қазақстан арқылы жолаушылар ағыны 10 есеге артып, былтыр 900 мың адамды құраған. Қазір апта сайын 500 рейс жұмыс істейді. 98 әуе көлігі 27 елге ұшады.

Ел аймақтарындағы әуежайлардың да өткізу қабілетін кеңейту басты назарда. Мысалы, Орал халықаралық әуежайында жаңа терминал салынады. Құны 1,5 млрд теңге болатын жоба шетелдік инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ. Жоспарға сәйкес терминал аумағы ұлғайтылады. Жолаушыларға қызмет көрсететін және жүк қабылдайтын заманауи құрылғылар, тіркеу уақыты мен паспорттық бақылау шараларының уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа қауіпсіздік жүйесі орнатылады. Сонымен қатар жаңартылған әуежайда VIP аймақ салынады. Бұның бәрі жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 400 адамға дейін арттыруға септігін тигізеді. Нысанды 2020 жылдың аяғына қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр.

АРТУР ДОСҚАЛИЕВ, «ОРАЛ» ӘКК БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Негізгі мақсатым – көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздік сапасын арттыру. Жоба шеңберінде ғимараттың жалпы алаңы ұлғайып, 7 мың шаршы метрге дейін ұлғайып, оның ішінде бүкіл құралдары жаңартылатын болады. Бір ғимараттың ішінде халықаралық және ішкі рейс қызметтері көрсетіледі. Қайта құрылу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа әуежай бағыттарын ашу көзделіп отыр.

2020 жылы Шымкент халықаралық әуежайында да жаңа терминал іске қосылып, өткізу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Жоба бойынша, 4 телескопиялық трап орнатып, сағатына 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсету көзделген. Осылайша, Шымкентті оңтүстік-шығыс Азия, Қытай, Үндістан, Кувейт, БАӘ, Ресей мен Еуропа қалаларымен байланыстыратын ірі авиациялық хабқа айналдыру көзделген.

Фото: astana.gov.kz