Елордада туристік жаңа экскурсиялар ашылды

Елордада туристік жаңа экскурсиялар ашылды

Елордада жаңа туристік бағыт ашылды. Оның авторлары – коммерциялық емес жобаға қатысушылар, гидтер мен аудан әкімдігінің өкілдері. Көрікті орындардың жаңа картасына 34 нысан енгізілген, оның ішінде ғимараттар, ескерткіштер мен мешіттер, тіпті көпір де бар. Сала мамандарының айтуынша, бұл туристер білетін бағыттарға жақсы балама болады.

Бірнеше ғасырды тоғыстыру. Жоба авторларының діттеген мақсаты осы еді. Қаптаған ғимараттың ішінен ең құнды дегендері ғана таңдалды. Айта кетерлік жайт, жергілікті сәулет өнерінің қайта өрлеу дәуірі 1876 жылы басталған. Осы кезде қала құрылысы қарқынды жүргізілді.

АМАНЖОЛ ЧИКАНАЕВ, «АСТАНАБАСЖОСПАР» ҒЗЖИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

– Бұл жер кәсіпкерлер мен саудагерлер, көпестер үшін орталыққа айналды. Себебі қазақ даласында мал көп және арзан болды. Бір шойын қазанның құнына 10 бас ірі қара мал сатып алынған. Көпестердің тез байығаны да сондықтан.

Төңкеріске дейін салынған ғимараттар сол қалпы сақтаулы, бұзылмаған. Әрқайсысы – тұнып тұрған тарих. Мысалы, мына ғимарат көпес Петр Моисеевтің үйі болған.

ТЕМІРТАС ЫСҚАҚОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

– Мұндай үй салу қиын болған. Ол үшін көп қаржы қажет еді. Өйткені, революцияға дейін Ақмолада тұрғын жайлар ағаштан салынған. Ал бай адамдар өз мүлкін сақтап, өз мәртебесін көпшілікке көрсетуге тырысқан. Кірпіш Атбасардан әкелінген. Оны сонда шығарып, осында жеткізіп отырған.

Осыған жақын жерде, Есілдің оң жағалауында тағы да бір тарихи нысан орналасқан. «Жасыл» мешіттің қоршауы. Оны түсіне қарап, халық осылай атап кеткен. XIX ғасырдың соңында бой көтерген мешіт кеңестік заманда бұзылған. Қазір тек қоршаулары ғана қалған.

АМАНЖОЛ ЧИКАНАЕВ, «АСТАНАБАСЖОСПАР» ҒЗЖИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

– Бұл кіреберістегі қақпа болған. Көрдіңіз бе, мына жері жаңартылған. Бұған дейін көп уақыт бойы жыл сайын қоршауды сылап келдік. Ал екі-2-3 бұрын сылақты алып тастадық. Бірақ кірпіш сол күйі сақталған. Жаңбырдан қорғау үшін үстін жауып қойдық. Жаңа қақпа секілді көрінеді.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде көне сәулетке деген қызығушылық қайта жанданып отыр. Демек жаңа туристік өнімдер аса өзекті. Ең бастысы, оларға деген сұраныс бар.

Фото: kazinform.kz