Александр Габченконың «I Run Kazakhstan» саяхаттық жүгіру жобасы

Александр Габченконың «I Run Kazakhstan» саяхаттық жүгіру жобасы

Қазақстанды басқа қырынан таныту. Осы мақсатты көздеген отандық саяхатшы Александр Габченко кең байтақ еліміздің аумағын тегістей жүгіріп өтпек. Әуесқой спортшының «I Run Kazakhstan» жобасы еліміздің барлық облыстарын қамтиды. Желаяқ әр өңірде 30 километрлік қашықтықты бағындырады. Басты ерекшелігі – таңдау адам аяғы баспайтын ойлы-қырлы, орман-шөлді, таулы жерлерге түскен. Ол осы арқылы көпшілік бара қоймайтын жабайы табиғаттың көркін кеңге паш етіп, елдің белсенді туризм бағытына қан жүгіртпекші. Саяхатшы бүгінде жоспарын 7 аймақта жүзеге асырып үлгерді. Мақсатының бел ортасына жетті. Қалған бөлігі жаңа жылға дейін еңсерілмек.  Әр өлкеде белгіленген қашықтық шамамен 4 сағаттың ішінде бағындырылады. Жеті кезеңде Александр Габченко тек межеленген нақты жоспарға сай  210, ал жалпы жобаның аясындағы дайындықты қоса алғанда мыңнан артық километрді артта тастады.

АЛЕКСАНДР ГАБЧЕНКО, ЖОБА АВТОРЫ, САЯХАТШЫ:

 - Мен визуалды түрде көздің жауын алатын, эстетикалық жағынан өте әдемі және кез келген адамға демалуға жайлы болатын аса тартымды жерлерді  таңдауға тырысамын. Өйткені мен үнемі белсенді саяхатты қолдап, насихаттап жүрмін. Осы жоба арқылы Қазақстанның байлығы саналатын көптеген табиғи ланшафтарын жаңадан ашып, немесе өзге қырынан танытқым келеді. Басты мақсатым – адамдарға Қазақстанның ішінде ғана демалатын орындарды таңдау баршылық екенін іс жүзінде көрсетіп, Қазақстанда саяхаттау өте қызықты екенін басқаларға көрсету.  

Фото: novoetv.kz