Атыраудағы Ақтөбе-Лаэти көне шаһары

Тасын түртсе, тарих боп сөйлей жөнелетін қойнауы шежіре мен сырға толы еліміздің батыс өңірінде зерттелмеген қорғандар мен көне қала орындары жеткілікті. Солардың бірі – XIV-XV ғасырларда салтанат құрған қазақ хандығының астанасы Хан Ордалы Сарайшық қаласының серігі саналатын Ақтөбе-Лаэти шаһары. Археолог ғалымдардың пайымдауынша, бұл арада 10 мыңға тарта тұрғыны бар аса ірі қолөнер орталығы болған. Қазба жұмыстары кезінде шаһардан биіктігі кісі бойындай алып құмыралар, қару-жарақ түрлері мен металл ыдыстар табылған.  

МАРАТ ҚАСЕНОВ, АРХЕОЛОГ:

 - Ақтөбе-Лаэти қаласы үш мәдени қабаттан тұратынын анықтадық. Ол XIV ғасырдың басынан XV-тің аяғына дейін өмір сүргені анықталды. Тағы ерекшелік бұл тек қана халық тұруы үшін емес, бұл өндірістік зергерлік қолөнершілердің сондай қаласы болып қалыптасқан. Және Азия мен Еуропаны байланыстырған Жібек жолы бойындағы керуен сарайлар қаласы болғандықтан бұл қала өркендеп, жоғарғы мәдени деңгейге жеткен.

Жергілікті археологиялық экспедиция кешенді жұмыстарды 2017 жылдан бері жүргізіп келеді. Қазба жұмыстары барысында көне шаһардан ондаған орынжайлар анықталған. Олардың әрқайсысында шыны жасауға, темір балқытуға арналған 2-6 пеш болған. Сондай-ақ қыш бұйымдарын жасайтын бөлмелер де табылған. Осыған орай мамандар қалада шеберлер көп болған деп отыр.  

АЙГҮЛ РАМАЗАНОВА, АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСАҚ ЖЕТЕКШІСІ:

– Жапсырмалы плиталардың пайда болуы, қазба жұмысы кезінде табылуы, бұл сол қазба орнында үлкен үйдің, ғимараттың болғандығын және сәулеттің жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетеді.

Айта кетейік, шаһар орны еліміздің мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Болашақта аумағы 4 гектарды алып жатқан көне қала орны қоршалып, бұл арадан аспан асты музейін ашу жоспарланған.

Фото: assembly.kz