Биыл тағы 100 қазақстандық «Абай-Верн» стипендияларына ие болды

Биыл тағы 100 қазақстандық «Абай-Верн» стипендияларына ие болды

«Абай-Верн» стипендиялары тағайындалды. Биыл тағы 100 қазақстандық  Францияның үздік жоғарғы оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Іріктеу барысында техникалық мамандықтар, жаратылыстану ғылымдарын игеруге ниет танытқандарға басымдық берілді. Сондай-ақ француз тілінің оқытушысы боламын дегендердің қатары қалың. Осы жылы 280 үміткердің кандидатурасы қаралды. 90 грант магистратура, қалған 10-ы доктарантураға түсуге арналған. Үміткерлерге мамандық таңдауға еш шектеу қойылмайды. Айта кетейік, қазіргі таңда Францияда 650 қазақстандық білім алуда. Екінші жыл қатарынан ұсынылған франко-қазақстандық стипендиялар жырақта оқу түгестейтін отандық студенттердің қатарын арттыруға бағытталған.

ФИЛИП МАРТИНЭ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІ:

 - Бір стипендияға үш бірдей үміткерден келуі екі жылдың ішінде ғана жеткен өте жақсы көрсеткіш деп санаймын. Кандидаттардың санымен қатар, дайындық деңгейі де артқаны байқалады. Биыл өтініш берген студенттердің дені ғылыми-техникалық бағыттағы мамандықтардың грантына ие болды. Бұл жағыда маңызды деп ойлаймын. Себебі екіжақты әріптестік әлеуетіне сай келіп тұр.

Сондай-ақ Франция мен Қазақстан өзара ынтымақтастығы аясында алдағы қазан айында білім беру ісін жетілдіруге арналған форум өтеді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қос тараптың сарапшылары бас қосып, білім жүйесін цифрландыру сынды саланың озық үлгідегі тәжірибелерін талқыға салатын болады.

ЛОРА КАСТИЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

-  Ең бастысы бүгін емес, ертең қажет болатын мамандықтар жайында ой қозғалады. Заман бір орында тұра бермейді. Бүгін қажет болмаған мамандықтар болашақта тапшы болуы мүмкін. Алдағы 10,20, 30 жылда еңбек нарығы қандай болатынын бүгіннен жоспарлау керек. Жастар заман ағымына бейімделе білуі керек. Сондықтан жиында білім саласының осы текті өзекті деген мәселелері қозғалады.  

Фото: kaznu.kz