Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ диаспорасы балаларына арналған жазғы мектеп ашылды

«Ұлы дала ұрпағы». Осындай атаумен елордада шетелдегі қазақ диаспорасы балаларына арналған жазғы мектеп ашылды. Тарихи отанының бүгінгі келбетімен танысу үшін бас шаһарға Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан 12-17 жас аралығындағы 150 жеткіншек  келген. Жырақта жүрген қандастарымыздың денінің – атажұрт топырағына табаны тұңғыш тиген екен. Олар 2 апта бойы ана тілін жетілдіріп, елдің тарихы мен халқымыздың салт-дәстүрінен кең мағлұмат ала алды. Елорда нышанына айналған мәдени, тарихи нысандармен танысты. Сондай-ақ робототехника, дизайн, көшбасшылық пен шешендік қабілетті  дамыту бойынша тренингтер мен атакәсіп көне қолөнерге машықтау үшін  шеберлік сабақтар өтті. Айта кетейік, жазғы мектеп «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

-  Ең басты мақсат – туған жеріне деген, Атажұртына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін арттыру. Сонымен қатар ана тілі мен Қазақстан тарихын меңгеруде академиялық қолдау көрсету. Жалпы жазғы мектептің бағдарламасында домбыраны үйрету, киіз басу, текемет тоқу секілді қолөнер қыш өнерінің үйірмелері бар.

ШАДКАМ АЛАНИЯЗ, ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ ҚАТЫСУШЫ /ИРАН/:

 - Ираннан келген қазақпын. Менің Қазақстанға алғаш келуім. Менің мақсатым – өз тарихымды, тілімді білу. Менің арманым – Қазақстаным, өз елімнің ішінде оқып, еліме құрмет ету.

Фото: jebeu.kz