Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті

Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті

Қазақстанның  астанасы туристер үшін тартымды қалалардың бірі болып отыр. Бүгінгі таңда елордасы Нұр-Сұлтан шаһарына отандық туристер ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер саяхатшыларда қызығушылық танытуда. Жыл басынан бері еліміздің бас қаласына 180 мыңға жуық жиһанкез келген. Олардың үштен бірін шетелдіктер құраған. Эрнестес Василаускас Балтық маңынан келген. Қазақстанға сапарды ол жарты жыл бұрын жоспарлаған. Тіпті алдын ала билет сатып алып, қонақ үйден орын алып, туристік бағытын да дайындап қойған екен.

ЭРНЕСТЕС ВАСИЛАУВКЕС, ТУРИСТ, ЛАТВИЯ:

 - Қазақстанда бірінші кезекте визасыз режимнің болуы қызықтырды. Демалысымды жоспарлаған кезде ғаламтор желісінен біздің елімізден туристер көптеп келетінін байқадым. Олардың елдеріңіз жайлы жазған пікірлерін оқыдым. Нұр-Сұлтан қаласының көрікті орындарына, оның ішінде мешітке де барамын. Яғни рухани демалысқа көңіл бөлудемін.

Сарапшылардың айтуынша, елімізге келетін туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Олар үшін қалада арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.

МАРАТ ӨМІРБЕКОВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Биылғы жылы бізге Түмен, Белоруссия елінен, Алтай өлкесінен кішкентай туристер келді. Бұл жоба арқылы шетелде тұратын этно-қазақтар Қазақстанмен жіті таныса алады. Олардың біздің мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, қызықты дүниелерді білуіне, еліміздің тұмса табиғатын көруіне мүмкін болады.

Елордалық қонақтар мен жергілікті тұрғындарға қаланың көрікті жерлерін аралауға мынадай қос қабатты экскурсиялық автобустар қызмет етеді. Бағыт 6 аялдамадан тұрады. Жалпы өткен жылы осындай автобуспен 200 мыңға тарта турист Нұр-Сұлтан қаласын аралаған.

РУСТАМ  БОЛАТОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

 - Біз күніне 5 рейс жүріп өтеміз.  Рейстерден басқа арнайы тапсырыстар бар. Ұжымдық саяхаттың орны бөлек. Таяу және алыс шетелдерден келген туристердің көпшілігі АҚШ, Германия, Қытай, Түркия елдерінен деп айта аламын.

Сонымен қатар алдағы уақытта елорданың тарихы бастау алатын ескі қалада да  экскурсиялық маршруттар іске қосылатын болады. Ал жалпы жыл соңына дейін елімізге келетін туристер санын 1 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Фото: qazaquni.kz