Нұр-Сұлтан – Токио арасын әуе бағыты жалғады

Нұр-Сұлтан – Токио арасын әуе бағыты жалғады

Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып  келеді. 2018 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен. Қос ел астанасын жалғаған әуе бағыты екіжақты қарым-қатынасты жаңа сатыға көтереді. Арада турист алмасу артып, іскерлік және демалыс сапарлары көбейері анық. 

РУСТАМ ГАББАСОВ, АҒА ҰШҚЫШ:

- Бүгін Нарита әуежайына қондық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан бәрі сәтті өтті. Әуежай жұмысы, навигациялық және диспетчерлік қызметтің барлығы жоғары деңгейде.

КРИСТИНА ШИШКИНА, БОРТСЕРІК:

 - Токиоға алғаш рет ұшқандықтан сәл қобалжу болды, дегенмен барлығы ойдағыдай өтті. Жолға шығардың алдында әдейілеп дайындалдық, бұл жердің мәдениетімен таныстық.

Нарита халықаралық әуежайы Жапонияда сапарлайтын жолаушылар саны бойынша екінші орында тұр. Токио орталығынан бар жоғы бір сағаттық жерде орналасқан. Әзірге «Нұр-Сұлтан – Токио» рейсі әр сенбі күні жүзеге асырылады. Ал күзге қарай бұл бағытты аптасына екі рет ұшыру жоспарланып отыр.

ВЛАДИМИР СЫТНИК, ӘУЕ КОМПАНИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қиын болған жоқ. Әр елдің өз тәртібі бар. Біз оған бағынып, барлығын уақытылы орындап отырдық. Ұзақ уақыт ұштық. Осы рейс арқылы алдағы уақытта елімізге Жапониядан және керісінше Қазақстаннан Жапонияға ағылатын саяхатшылар легі әлдеқайда артуы мүмкін.

Болжам бойынша, күз айларына қарай рейстер 80 пайызға дейін толуы тиіс. Ал 1 жылдан соң, бұл бағыт тіпті коммерциялық пайда әкелуі мүмкін.

Фото: businessfm.kz