Қазақ тілшісі Лондонда «Жыл әйелі» аталымын жеңіп алды

Қазақ тілшісі Лондонда «Жыл әйелі» аталымын жеңіп алды

Қазақстандық журналист Ақмарал Баталова Лондонда халықаралық WinTrade сыйлығын жеңіп алды. Ол «Хабар» Агенттігінің тапсырмасы бойынша Сирия қақтығысы туралы жасаған репортаждары мен фильмдері үшін «Жыл әйелі» аталымымен марапатталды. Ақмарал Баталова Сириядағы шиеленісті зерттеп, Астана процесі бойынша шолу-мақалалар жазып келеді. Өз жұмыстарында ол бейбіт келіссөздерге қатысушы барлық тараптардың көзқарастарын көрсетеді.

АКМАРАЛ БАТАЛОВА, ЖУРНАЛИСТ:

 - Сирия халқы бізді өте жылы қабылдады. Әйелдер көшеде қасымызға келіп, мені бетімнен сипап, сүйіп, алғыс айтумен болды. Өйткені олар мені шетелдік екенімді түсінді. Дамаскідегі такси жүргізушілері бізден жолақы алмады. Бізді олар жақсы ырымға балады. Егер шетелдік әйел елге келсе, туристер де қайта оралады деп ойлады.

WinTrade халықаралық ұйымының негізін 1996 жылы британиялық бизнес-ханым және Британ империясы Аса лауазымды орденінің кавалері Ивонн Томпсон қалаған. Ұйым жұмысы әйелдердің әртүрлі салалардағы қайраткерлігін қолдауға бағытталған. Қазақстандық алған жүлде озық ойлап, үйреншікті жұмыс кеңістігінен әрі аса алған, әйелдердің және аз танылған қауымдастықтардың қабылдау қабілетін өзгертуге мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеген нәзік жандыларға беріледі. Ал Ақмаралды cыйлыққа Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының бір топ өкілі ұсынған.

АҚМАРАЛ БАТАЛОВА, ЖУРНАЛИСТ:

 - Ұлыбритания жұртшылығын қызықтырған ең басты мәселе - өз репортаждарымда Сирияның өзінде тұратын аштық пен суықтан, соғыстың барлық ауыртпашылығынан, терроризмнен жапа шегіп, соғысып, елді аяғына тұрғызып жатқан адамдарға сөйлеуге мүмкіндік бергенім маңызды болды деп ойлаймын.

Марапаттау рәсімі бір аптаға созылған WinTrade Week форумының шарықтау кезеңі ретінде ұйымдастырылды. Биылғы форумның тақырыбы – «Экономикадағы әйелдер цифрлық технологиялар және жасанды интеллект ғасырында». Ағымдағы жылы WinTrade сыйлығына 20 аталым бойынша әлемнің 500 әйелі таласса, онлайн-дауыс беруге 11 мыңнан астам адам қатысқан.

Фото: yenicag.ru