Қар барысы тұқымын сақтау шаралары

Қар барысы тұқымын сақтау шаралары

Орталық және Оңтүстік Азия таулы аймақтарының жауһарлары. Қатары күрт сиреп баратын қар барысы тұқымын сақтап қалудың жолдары Нұр-Сұлтан қаласында талқыланды. Елордада ілбістер мекендейтін барлық 12 елдің өкілдері бас қосты. Олар жыртқыш аңға қатысты ғылыми деректерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық орталық және бірыңғай халықаралық гендік зертхана құру жобаларын талқылады. Бұлардың құрылысы үшін еліміздегі Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағы аса қолайлы екені айтылды. Онда жануарлардың санын нақты есептеп, экожүйесін сараптауға арналған фототұзақтар сынды технологиялар, заманауи әдіснамалар қолданылады. Бұл орайда жергілікті табиғат сақшылары БҰҰ өкілдерімен меморандум жасасты.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, SNOW LEOPARD FOUNDATION ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұған қоса, ғылыми қауымдастыққа трансшекаралық меморандум жобасы ұсынылды. Құжат ортақ мәселеге жұмылуға шақырады. Бұған дейін әр ел қар барсын қорғауға қатысты  шараларды өздігінен жүргізіп келді. Ал біз болсақ, барлығын бір дөңгелек үстел аясына жидық. Мақсат – ортақ істе бірігіп, жойылып кету қаупі бар жануардың түрін сақтауда әріптестік орнату. Пікір-таластар нәтижесін береді деп сенеміз.

ГРИГОРИЙ МАЗМАНЯНЦ, WWF ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ғарыштан ландшафтық түсірілімге қажетті аумағы 5,5 километрді құрайтын арнайы мониторингтік зерттеу учаскілері қарастырылған. Бұл жерлерде жаппай фототұзақтар құрылып, қар барсының санымен қатар таралу популяциясы мен  өмірлерінің іздеріне қатысты деректер толықтай жиналып, арнайы сарапталатын болады. Ілбістер мекендейтін барлық 12 ел зерттеу қорытындылары және барлық мәліметтер тізілген бірыңғай базамен жұмыс жасаған кезде ғана біз қар барсының нақты санын айта аламыз. 

Бүгінгі таңда  қар барысы Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне және шоғырланған барлық 12 елдің ұлттық Қызыл кітабына енген. Жалпы жер бетіндегі ареалында 4 мыңға тарта бас тіркелген. Ал елімізде небары 130-150 ілбіс бар.

Фото: el.kz