Шетелдік кәсіпкерлер Елорданың қарқынды дамуына таңданыстарын білдірді

Нұр-Сұлтан қаласының қарқынды дамуы елімізге жұмыс сапарымен келген АҚШ-тық  іскерлік топтың таңдайын қаққызды. Нью-Йорктік заңгер Мэнни Аликандроның айтуынша соңғы кездері Қазақстан мен Американың қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік тұрғысында ілгері басып келеді. Жаңаша  бағыттағы екіжақты байланыстың қарыштап дамуына тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары көрсеткіштері үлкен сеп болған. Бұл орайда Қазақстанға АҚШ тарапынан тартылған инвестиция көлемі де еселеніп отыр. Батыстың ең алпауыт әрі жетекші державасының бизнес қауымдастығы еліміздің энергетикасымен қатар. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене араласуға мүдделік танытып отыр.

МЭННИ АЛИКАНДРО, АДВОКАТ /АҚШ/:

 - Мен Массачусетстегі технологиялық институтының магистрі атандым. Сол оқу орнында жүргенімде алғашқы қазақстандық достарым пайда болды. Олар мені Гарвард, Стэнфордтегі өзге де қазақстандық студенттерімен таныстырды. Мен Қазақстанға алғаш келгенде, елдің дамуы таңғалдырды. Әсіресе «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына тәнті болдым. Бұл – үлкен жетістік. АХҚО болашағы зор деп ойлаймын.

Еске салайық, соңғы жылдары Қазақстанның жас астанасы ерекше мәртебеге ие болған шаһарға айналды. Елдің саяси, мәдени және қаржылық орталығына айналды. Бұл қала түрлі жаһандық шаралардың қадірменді меймандарын қарсы алады. Туризмнің ордасы саналатын мекенге әлемдік саяхатшылар легі ағылуда. Қала қонақтарын сәулетті ғимараттардың сан алуандылығы қызықтырады. Ақорда, Бәйтерек, Бейбітшілік пен Келісім сарайы, Хазірет Сұлтан мешіті, Хан Шатыр – көптің көзайымына айналған елдің нышандары.

РОБЕРТО АЗЕВЕДО, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен ел астанасының көркіне ғашық болдым. Бұл – өте заманауи әрі жайлы қала. Ол Қазақстан сынды үлкен мемлекеттің астанасы болуға лайықты шаһар дер едім. Нұр-Сұлтанды осынау әсем күйге жеткізу үшін қыруар іс тындырылғаны сөзсіз. Үлкен шаһарларды жобалау, дамыту және өмірін үйлестіру оңай шаруа емес. Мен онда екі мәрте болдым. Сапарларым сәтті өтті. Мен осындай жұмақ мекеннің тұрғындарын қала күнімен шын жүректен құттықтап, тек ізгі тілектер жолдаймын. 

Фото: Хабар 24