Қазақстанда ел астанасының күні аталып өтуде

6 шілдеде Қазақ елі астанасының құрылған күнін мемлекеттік мереке ретінде атап өтеді. Осыдан тура 25 жыл бұрын Қазақстанның Жоғарғы кеңесі ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде шешім шығарған болатын. Араға 3 жыл салып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл сұрақтың нүктесін қойған болатын. 1998 жылы Елбасының жарлығына сай Ақмолаға «Астана» деген атау берілді. Араға 21 жыл салып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың бас архитекторы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қалаға «Нұр-Сұлтан» деген атау берілсін деген жарлыққа қол қойды. Бүгінде Елорда Қазақстанның барлық аймақтарының қозғаушы күші, мемлекет дамуының айнасына айналды. Дәулетті де сәулетті бас шаһарымыз осы уақытқа дейін жер-жаһанға халықаралық келіссөздер алаңы ретінде танылып үлгерді. Бұл – келелі кеңестер мен ірі деген іскерлік бас қосулардың, тарихи шешімдердің ордасы. Қазақстанның астанасы ТМД-елдерінің ішінде алғаш болып ЕҚЫҰ Саммитін қабылдап, ЕХРО халықаралық көрмесін ұйымдастырды.

Елорда жылнамасына алтын әріптермен жазылған енді бір тарихи оқиға – ол «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы. Бүгінде сарапшылардың пікірінше, АХҚО – Орталық Азия аймағы мен ЕАЭО елдерінің қаржылық инфроқұрылымын қалыптастыратын торапқа айналады.

Елорда күнін ұлықтау үшін ел көлемінде мерекелік концерттер, спорттық жарыстар мен  көрмелер өтеді. Тек Нұр-Сұлтан қаласында 100-ге тарта мәдени шара ұйымдастырылады. Бүгінде қуатты бас шаһарымыз Еуразия кеңістігінде бейбіт әрі бақытты әлем құрудың моделін үлгі тұтқан құтты мекен саналады. 

Фото: arnapress.kz