Алакөл – қазақстандық туризмнің інжу-маржаны

Алакөл – қазақстандық туризмнің інжу-маржаны

Алакөл – қазақстандық туризмнің інжу-маржаны. Суы шипалы мекеннің адамға берері мол. Ең ғажайып көлдердің бірінің жағасында демалуға үлкен-кішінің барлығы келеді. Олар суға шомылып қана қоймай, денсаулықтарын да жақсартады. Оқушылар балалар сауықтыру лагерінде тынығады.

АЙЫМ ОРАЗОВА, ОҚУШЫ:

 - Өте әсер алып жатырмын және де көптеген достар таптым. Солармен араласып, әрі қарай қарым-қатынасымды жалғастыра бергім келеді. Үйлері өте керемет.

Сауықтыру кешенінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Оқушыларға арналған арнайы бағдарлама әзірленді. Олар шомылып қана қоймай, экскурсияларға да шығады. Биыл жазда 1,5 мыңға жуық мектеп шәкірті Алакөлде тынығып қайтпақ.

СӘУЛЕ ЖҮНІСОВА, ҮРЖАР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Шығыс Қазақстан облысынан, Семей, Риддер қаласынан, Өскемен қаласынан сұраныстар көптеп түсуде. Сонымен қатар Ақтөбе қаласынан да білім басқармасынан хабарласып, біздің ауданға 120 баланы әкелуге сұраныс жасап жатыр.

Ал 90 мыңға жуық оқушы жазғы демалыстарын Батыс Қазақстан облысының лагерьлерінде өткізеді. Жақында өңірде IT-лагерь ашылды, мұнда балалар ойындар мен сайт жасауды үйренеді. Сонымен қатар тәлімгерлер бейнеролик түсіруді де көрсетпек.

АСХАТ АХМЕТБЕК, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біз екі курс өткіземіз. Бұл 3D платформасында ойындар жасау және веб-жобалар әзірлеу, яғни сайт жасау. Сонымен қатар лагерьде түрлі олимпиадалар өткізіледі. Ал соңында балалардың барлығы арнайы сертификаттармен марапатталады. Олар өз жобаларын жүзеге асырады.

ЕКАТЕРИНА ДОНСКОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен қарапайым сайттар жасай аламын, 3D-модельдеуде кейбір шағын ойындар бағдарламалауды үйрендім. Бұл басы ғана деп ойлаймын.

Балалар IT-технологиялардан өзге журналистика мен тіл білімін, математикалық ойлау дағдыларын меңгереді. Бағдарламада спорт, экскурсиялар мен ойын-сауықтар міндетті түрде қарастырылған.

Фото: sunholidays.kz