АХҚО-да халықаралық Fintech компаниясы ашылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қабырғасында Fintech компаниясы ашылды. Кәсіпкер әрі ментор үндістандық Суфьян бин Узайр кезекті филиалдың орнын мұқият іздегенін айтады. Таңдауы Қазақстанға түсті. Себебі аймақтың бел ортасында орналасқан ел Fintech-технологияларын дамытудың таптырмас алаңы, - дейді шетелдік іскер азамат. Болашақта Суфьян бин Узайр бұл тәжірибені барша Орталық Азия мемлекеттерінде ендіруді көздеп отыр. Компания қаржылық және оқу технологиялары салаларында жеке ісін ашуға мүдделі қазақстандық стартаперлерге электронды сауда нарығына қатысты инновациялардан құлағдар ететін ақпарат таратумен айналысады. Қызмет ағылшын тілін білмейтін жас кәсіпкерлерге бейімделген. Бар мәлімет орысша беріледі. 

СУФЬЯН БИН УЗАЙР, КӘСІПКЕР, МЕНТОР, ВЕБ-ҚҰРАСТЫРУШЫ:

 - Мен осы жерге келгенде Fintech-технологияларға қатысты басылымдар негізінен ағылшын тілінде ғана қолжетімді екенін аңғардым. Бұл дегеніміз, ағылшын тілін білмейтін жергілікті іскер азаматтар бұндай ақпараттан құр қалып жүр деген сөз. Қаншама адам ойын жүзеге асыра алмайды, себебі жаңа мүмкіндіктермен таныс емес. Сондықтан ақпарат орыс тілінде шығады. Алдағы уақытта қазақ тілінде басуды көздеп қойдық.