Польшада қазақ ақсақалы «Ерлік пен бауырластық» медалімен марапатталды

Польша Президенті Анджей Дуда Қазақстан азаматын «Ерлік пен бауырластық» медальмен марапаттады. Тасыбай Әбдікәрімовты марапаттау рәсімі Варшавада өтті. Қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген  поляктарға жәрдем берген адамдарды марапаттауға осы награданы тек Президент табыстайды екен. Тасыбай Әбдікәрімов Қазақстанға жер аударған Яблонскийлер отбасын ажалдан сақтап қалған. Қазір ақсақал өз ауылындағы поляктар жерленген қабірлерге күтім жасап келеді.

МАГДАЛЕНА ГАВИН, ПОЛЬША МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИГІЛІГІ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы жақсылықтарын халыққа айтып, паш ету маңызды. Бұл медальді алғаш болып Қазақстан тұрғынына табыстадық. Бұл – үлкен абырой. Польшадан, бүкіл поляктар атынан алғысымыздың белгісі. Оның айтқан әңгімесі жанымды тебірентіп, көңілімді босатты.

Тасыбай мен Валентин 1952 жылы танысқан. Қиын-қыстау сәтте бірге болған екеуінің достығы Яблонскийлер Польшаға көшіп кеткеннен кейін де ажыраған жоқ. Бір-біріне хат жазысып тұрған. Ұзақ уақыттан кейін қайта қауышқанда, ақсақалдар көз жастарын  тыя алмады. Валентин Яблонский Қазақстанға қатты ауырып келгенін еске алады. Сол кезде 16 жасар Тасыбай қол ұшын созған.

ВАЛЕНТИН ЯБЛОНСКИЙ:

 - Өте жүдеу әрі ауырып тұрғанымды көрді. Кімсің және қайдан келдің деп сұрамай, тамақ әкеп берді. Осы кісілердің арқасында тез жазылдым. Тасыбай мен бүкіл қазақ халқына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Қымыздың дәмі мен киіз үйде ет асып жегеніміз әлі жадымда сақталған. Қазақстанға барғым келеді. Жастық шағым өткен кез туралы кітап жазайын деп жүрмін.

Валентин жазылып, аяғынан тұрғаннан кейін, еңбекке араласқан. Медициналық білімі бар ол фельдшер болып жұмыс істеді. Күн сайын ауылдарды аралап, ауру-сырқауларға көмектескен. Қазақ тілін де үйреніпті. 

Ал 85 жастағы Тасыбай Әбдікәрімов Польшаға көшіп кеткен досымен тағы да кездесем деген ойы болмаса керекті. Ал Варшаваға қонаққа барып, Президент марапатына ие болатыны тіпті түсіне де кірмеген.

ТАСЫБАЙ ӘБДІКӘРІМОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазақ мықты болғанына ырзамын. Себебі қазақ халқы бауырмашыл, өзге жұртты өзіне жат санамай, өз құшағына баурап, бар нәрсесін аямай, жәрдем беріп тұрды. Валентин менің жүрегімде өлгенше тұрады. Себебі дос көп болады, біреу сенің дүниеңе дос болады, біреу сенің қызметіңе, ал мен қиыншылық көрдім, ол да қиыншылық көрді, мен оны жүрегіммен жақсы көрем.

Тасыбай  ақсақал өмір бойы агроном болып жұмыс істеді. 9 баланы тәрбеиелеген ол бүгінде неменелерінің қызығына бөленіп отыр. Қазақ пен поляк арасындағы достық әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Фото: martebe.kz