Анкарада «Тарих жасаған тұлға» кітабының тұсаукесері өтті

Анкарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрік тіліндегі «Тарих жасаған тұлға» атты кітабы таныстырылды. Басылымда мемлекетіміздің іргесін қалап, елімізді әлемге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері баяндалады. Автор Қазақстанның еңсесі тіктей бастаған сәттердегі қызықты оқиғалар мен ешбір кітаптарда кездесе бермейтін әлемдік саясаттың нәзік тұстарын шебер жеткізген.

ЯЛЧЫН ТОПЧУ, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - «Тарих жасаған тұлға» – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрік тіліне аударылған екінші кітабы. Тоқаевтың көзімен Нұрсұлтан Назарбаевты одан да жақын танитын боламыз. Дипломат, саясаткер ретінде жазылған кітаптың мазмұны өте ерекше болатыны анық. Мұның басқа да түркітілдес мемлекеттердің тілдеріне аударылуына тілектеспін.

ХАСАН ҚАНБОЛАТ, АНКАРА САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫ:

 - Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты басқа тұсынан танып отырмыз. Ол мықты саясаткер, дипломат болуымен қатар, қаламы қарымды жазушы екеніне де көз жеткіздік. Тоқаев бұл кітабы арқылы жарқын болашаққа нақ қадам басатындығын оқырмандарына жеткізіп отырғандығы бізді қуантады.

Кітап Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Түркі академиясының қолдауымен жарық көрді. Басылымды түрікшеге аударған белгілі жазушы Мәлік Отарбаевтың айтуынша, Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістік үшін Қазақстанның тәжірибесі үлкен маңызға ие. Әрі шетелдік оқырмандар елімізді одан да жақыннан тануға мүмкіндік алады.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ, «ТАРИХ ЖАСАҒАН ТҰЛҒА» КІТАБЫНЫҢ АУДАРМАШЫСЫ:

-  Түрік оқырманының көңілінен шығады деп ойлаймын. Және бүгін де кітаппен танысып, кітапты оқыған сарапшылар жоғары баға беріп отыр. Олар: «жаңа дәуірге қадам бастырған тұлға туралы жазу, жаза білу – үлкен парасат биігінен көріне білу», – дейді.

Төрткүл дүние қазір де Елбасыны үлкен реформатор деп мойындайды. Ал бұл атаққа қол жеткізу тынбай еңбек етуді талап етеді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихында елімізді өңірлік державалар қатарына қосқан беделді тұлға, саясаткер болып қалады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңын осылай деп түйіндеген.

Фото: egemen.kz