Арал теңізін сақтау жобасы

Қызылорда облысында жүзеге асырылған ең ауқымды бастамалар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімімен байланысты. Солардың бірі – Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы. Ғаламат ғасыр жобасы. Мамандар елбасының пәрменімен жүзеге асқан Кіші Аралды құтқару бойынша жобаға осындай баға бергені мәлім. Расында, теңізді қолдан бөгеу бұрын соңды болған емес.

ҚАЙРАТ ЖАНСҰЛТАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Жоба 86 млн АҚШ долларын құрайды. Сол жобаның арқасында біз Кіші Арал теңізін сақтап қалдық, қазір Кіші Арал теңізінде 27 млрд текше метр су бар. Кезінде ол 15 млрд болған.

Кезінде кенезесі кеуіп кеткен әйгілі айдынның оралуы аймақ тіршілігін жандандырды. Экологиялық, әлеуметтік жағдайларды жақсартты. Ұзындығы 13 шақырым болатын Көкарал бөгеті 14 жылдан бері Кіші теңізді тиісті деңгейде ұстап тұр. Өңірде балық аулау, өңдеу саласы жақсы дамып келеді. 2000 жылға дейін тұз татыған Аралда тек Камбала ғана болған. Ал бүгінгі күндері балықтың 23 түрі ауланады.

ЖАЛҒАС АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

-  Жылына 8-8,5 мың тоннаға дейін балық ауланып келеді. Балық аулау көлемінің өсуі, балық өңдеуші кәсіпорындардың дамуына үлкен септігін тигізді. Теңіздің айналасындағы елдімекендер бар. Бұрынғы балықшылар тарихи кәсібіне қайта оралып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына үлкен септігін тигізді.

Жақсылық Ділжанов – балықшылар әулетінің ұрпағы. Бала күнінен әкесімен бірге ескек есіп, балық сүзген ол теңіздің шалқар шағы да, тартылған кезеңі де көз алдында өткенін айтады. 

ЖАҚСЫЛЫҚ ДІЛЖАНОВ, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Кіші Аралдың келу себебінің бастысы – елбасының Аралға тікелей назарының арқасында болған жағдай ғой. Бұл Кіші Аралдың САРАТС жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталып, жергілікті балық түрлері пайда болып, қайтадан балық ауланатын деңгейге дейін көтерілдік.

Қазір Солтүстік Арал теңізі суының деңгейі көтеріліп келеді. Соңғы 5 жылда өңірде балық аулау көлемі 30 процентке артты. Жергілікті балық зауыттарында өңделген өнімдер Еуропа елдеріне экспортталады.

Фото: kyzylorda-news.kz