Әуесқой фотограф туристерге Қазақстанға келуге кеңес береді

Әуесқой фотограф туристерге Қазақстанға келуге кеңес береді

Оңтүстік Корея халқы Қазақстанның көрнекі жерлерімен таныса алады. Саяхатшыларға арналған жергілікті журналда елімізге бір тарау бөлінді. Оның авторы – әуесқой фотограф Чо Чонг Гук. Ол материалды екі ай бойы дайындаған. Оңтүстік Корея азаматы қызметіне байланысты Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыда бес жыл тұрған. Бос уақытын саяхатқа жұмсап, ұнаған жерлерін суретке түсірген.

ЧО ЧОНГ ГУК, ФОТОТІЛШІ:

- Оңтүстік Корея халқына Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Шарын шатқалын, Ассы үстірті, Көлсайды. Шығысында Алтайды, батысында Маңғыстауды, cолтүстікте Бурабайды көруге кеңес беремін. Егер бұл жерлерде инфрақұрылым дамытылатын болса, онда туристер саны артады. Саяхат кезінде кей орындарға жету мұң екенін білдім. Рас, түнеуге тоқтағанда ауыл тұрғындары маған әдемі орындарды көрсетті.

Журнал беттерінде Қазақстан туралы мақалалармен бірге фототілшінің еңбектері жарық көреді. Қазір Чо Чонг Гуктың коллекциясында бірнеше мың туынды бар. «Art Travel» басылымының маусымда шыққан санында еліміздің туристік нысандары, қалалар мен танымал жерлестеріміз жайлы деректер берілген. Чо журналдың бірнеше данасын Сеулдегі Қазақстан елшілігіне тарту етті.  

ЧО ЧОНГ ГУК, ФОТОТІЛШІ:

-Туристерді Қазақстанның табиғаты ғана емес, тарихы да қызықтырады. Еліңізде кәрістер көп тұрады, сондықтан мысалы, корей халқының каһарманы Хон Бом Доның моласы орналасқан Қызылордаға немесе кәріс диаспорасы шоғырланған Үштөбе қаласына дейін туристік бағытын ашуға болады. Корея азаматтары үшін ол қызық болады деп ойлаймын.

Тұзкөлдің қасында түсірілген Хан Тәңірі фотолары ерекше қымбат, - дейді Чо Чонг Гук. Әлемге әйгілі Қазақстанның ең биік нүктесі саяхатшыларды ғана емес, тарихшыларды да қызықтырады. Тәңір – Құдай мағынасын білдіреді, ал ежелгі Кореяның негізін қалаушы Құдайдың есімі де Тангун. Хан Тәңірі туралы мәлімет Қазақстан туралы ақпаркітапшаға міндетті түрде енгізіледі. Чо Чонг Гук кітабы келесі жылы басылып шығарылады.