Алматыға келетін шетелдік саяхатшылар көбейді

Алматыға келетін шетелдік саяхатшылар көбейді

Өткен жылы Алматыға миллионнан астам турист келді. Олардың жартысынан көбі – Еуропа, АҚШ, Ресей және Орталық Азия елдерінің жиһанкездері. Қаланың дамыған инфрақұрылымы, сұлу табиғаты мен тау шаңғы курорттары саяхатшылардың қызығушылығын тудырады. Ал туристерге елде ыңғайлы болу үшін танымал демалыс нысандарында Брайль қарпімен жазылған және QR кодтары бар белгілер орнатылған.  Смартфонның көмегімен қаланың көрікті жерлері туралы алты тілде толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Австралиялық жиһанкез Филип Томсон әлемнің барлық жерлерінде болған.  Дегенмен ол Қазақстанды ерекше атап өтеді.

ФИЛИП ТОМПСОН, САЯХАТШЫ /АВСТРАЛИЯ/:

-  Мен Шарын шатқалына, Көлсай, Алтай, Маңғыстау, Шымкент және Түркістанда болып үлгердім. Өте керемет әсер алдым.

Алматыны қоршаған таулар Куршевель тау-шаңғы курортынан кем түспейді, ал жергілікті халықтың қонақжайлылығы таңғалдырады, дейді саяхатшы. Ол Қазақстанға міндетті түрде қайта оралатынына сенімді. Бірақ келесі жолы экстремалды спортпен айналысатын достарын ертіп,  ел өңірлерін араламақ. «Шымбұлақ» курорты мен «Медеу» мұз айдынын көру үшін Біріккен Араб Әмірліктерінен Ахмад әл-Каттаби арнайы келген.

АХМАД ӘЛ-КАТТАБИ, САЯХАТШЫ /БАӘ/:

 - Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бұл жердің табиғаты расымен де таңдай қақтырады. Бәрі ұнады.

Қалаға келетін туристер санының артуына саланы дамыту бағытында қабылданған шаралар ықпал етті. Алматыда 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім құрамындағы туризмнің және онымен байланысты қызметтердің үлесі 6%-ға жеткізілмек.

ҚАЛИБЕК АҚЫЛБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Алматы – туристер қаласы. Шетелдік саяхатшылар үшін өте тартымды. Қазақстанға сырттан келген әрбір екінші турист міндетті түрде Алматыға соғады. 2018 жылдың соңында қала тарихында алғаш рет 1 миллионнан астам турист келді. Ал жылдың бірінші тоқсанында туристер саны 46%-ға жуық өсті. Бұл Алматының тартымдылығын білдіреді.

Қазақстан әлемдегі жетекші туристік бағыттардың бірі атануға ниетті. Осы мақсатта салалық мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде туризмді экономика драйверлерінің біріне айналдыру көзделген. Сондай-ақ салаға 800 млрд теңге тікелей инвестиция тартылып, ішкі және сыртқы туристер ағынын 4 есеге арттыру жоспарланған.

Фото: bnews.kz