«Киелі Қазақстан» көпкүндік атты экспедициясына 11 адам қатысады

Қамбар ата төлін баптап, ер-тоқымын сайлап, сапарлық азығын қамдаған мына бір топ азамат ата-бабалардың тұрмыстық салтын жаңғырту үшін белді бекем буып сақадай сай отыр. Бұл – елордадан бастау алған «Киелі Қазақстан» экспедициясының қатысушылары. 11 адамнан құралған белсенді бас-аяғы 10 күннің ішінде ат үстінде 600 шақырымды бағындырмақ. Сапар шегуге ниет танытқандарды ел ағалары ақ баталарын беріп алыс жолға шығарып салды. Этно саяхатшылар Ақмола, Павлодар, Қарағанды өңірлерін салт жүріп өтіп далада түнеп, ас-суын ішеді. Одан қалды ауылдарға да ат шалдырып, дем алады. Қатысушылардың үлкені 50 жаста болса, ең кіші мүшесі – он төртте. Ұлы дала көшпенділері ұрпақтарымен бірге Сарыарқа төрін кезуге шетелдік атбегі мен бологерлер шықты. Шерудің басты мақсаты – Қазақстанның көрікті аймақтарын насихаттап, ең алғаш жылқы қолға үйретілген өлкеде атты туризм бағытын дамыту.

БЕРІК АҚЫЛБЕКОВ, «КИЕЛІ ҚАЗАҚСТАН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Осыдан 5 жыл бұрын әуесқойлар клубы құрылды. Біз жиналып Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхат жасаймыз. Елдің табиғаты әрқилы, әрбір аймақтың өзіне тән қайталанбас сұлулығы бар. Біз негізінен Сарыарқаны аралаймыз. Атты шеру алдымен Бұйратау мемлекеттік ұлттық саябағына барады. Одан кейін Баянауылға аялдап, еңсеретін соңғы нүкте Жасыбай көлінде тұйықталады.

Фото: argymaq.kz