Балқаш курорттық аймағының туристік әлеуеті артпақ

Балқаш курорттық аймағының туристік әлеуеті артпақ

Қазақстан халықаралық туризм картасында өз позициясын нығайта түсті. Бүгінгі таңда туристік агенттіктердің шетелдік өкілдері еліміздің әлеуетін зерттеу мақсатында Қазақстанға сапар шегеді. Ресейлік Марина Амельченко – Түмен облысының саяхатшыларын республикамызға тартуға ниеттілердің бірі. Бұл жолы ол Балқаш курорттық аймағында жағажайлық демалыс жағдайымен танысу үшін елімізге келген.

МАРИНА ОМЕЛЬЧЕНКО, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ, РЕСЕЙ:

 - Біз Қазақстанға келгенше темір жол бағытын, теміржол өткелін, сонымен бірге автобуспен жол жүріп, бағыттармен таныстық. Ал республикаңыздың туроператорлары бізге әуе жолын ұсынды. Біз туристердің әртүрлі категориялары үшін осындай турларды жасаймыз.

Моңғолияның туристік агенттіктері де Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауға мүдделі. Жиһанкездер еліміздің көркем орындарына ғана емес, сонымен бірге жергілікті көрікті жерлерге, ұлттық салт-дәстүрлерге қызығушылық танытып отыр.

БАҒЖАНАР ҚАНАТҰЛЫ, ТУРОПЕРАТОР:

 - Жылына 28 елден 2500-3000 турист аламыз. Моңғолияға келіп, бүркіт көреді. Ол кісілер «неге бұны Қазақстанға барып көрмейміз, неге Моңғолияда көріп тұрмыз» деген сұрақтар қояды. Сондықтан биылдан бастап Қазақстанға әкелеміз деген ойымыз бар. 

Биылғы жылы Балқаш курорттық аймағында туризмді дамыту жолдарын талқылау мақсатында ішкі және шетелдік туроператорлар келді. Халықаралық форумға 5 елдің 70-тен астам компания өкілдері қатысты. Сарапшылар қызмет көрсету деңгейі мен келушілердің ағынын арттыру, сонымен қатар өңірді одан әрі тартымды ету туралы өз пікірлерімен бөлісті.

ЕРКЕБҰЛАН ХАСЕНОВ, ҰЛТТЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ КОМПАНИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Ең алдымен, әрине, мемлекеттің күш-жігерін бизнесте бірге топтастыру қажет. Мемлекет барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Бұл – туристік нысандарға дейін апаратын жолдарды сақадай сай ету, темір жол станцияларын, әуежайларды жаңғыртудан өткізу болып келеді.

Айта кетейік, Балқаш көлінің жағалауы отандық туризмді дамыту бағдарламасының ондығына енген. Арнайы бағдарлама аясында инфрақұрылымға 5 млрд теңге инвестиция қарастырылады. Сонымен қатар жаңа нысандардың құрылысына тағы  6 млрд жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.

ТАТЬЯНА АБЛАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Қарапайым заттардың экономикасы үшін жаңа бағдарлама әзірленді. Осы мақсатта мемлекет 600 млрд теңге бөлді. Бұл – осы бағдарламаға кіретін маңызды бағыттарының бірі. Сонымен қатар Балқаш курорттық аймағында құрылысты қолға алатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жылына 6% дейінгі жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Бүгінгі таңда Балқаш көліне демалуға 100 мыңға жуық адам келеді. 10 жылдан кейін туристер ағынын төрт есеге арттыру көзделіп отыр.

Фото: sauap.org