Нұр-Сұлтан қаласында XVI Азиялық логикалық конференция аяқталды

Нұр-Сұлтан қаласында XVI Азиялық логикалық конференция аяқталды

Қазақстан астанасында XVI Азиялық логикалық конференция аяқталды. Оған Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Корея, Канада, Қытай және Үндістан сынды әлемнің 30 елінен 100-ден астам математик қатысты. Қатысушылар математикалық және философиялық логика саласындағы өз жұмыстарын ұсынды.

СЕРГЕЙ ГОНЧАРОВ, КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫ, РЕСЕЙ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

-  Өте жоғары деңгей, модель теориясына байланысты әртүрлі бағыттарда, есептеу теориясы саласында өте жоғары нәтиже. Менің ойымша, әр елден келген жас математиктер үшін өзара тәжірибе алмасу, жұмыс істеу, бірлескен жобалар жасау өте маңызды.

Конференция қатысушыларға логикалық зерттеулердің барлық түрлерінде теория мен тәжірибе бойынша ақпараттар мен пікір алмасуға ғана емес, сонымен қатар әлемдегі және Қазақстандағы математикалық ғылымның қазіргі жай-күйін талқылауға мүмкіндік берді.

НАЗИФ ХИСАМИЕВ, Л. Н. ГУМИЛЁВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

-  Қазіргі таңда алгебра және математикалық логика бойынша қазақстандық ғылым жетекші орындардың біріне ие, бүкіл әлемде белгілі. Қазақстаннан өте көп қатысушылар жиналды. Бүкіл Қазақстаннан Алматыдан, Өскеменнен, Қарағандыдан келді, түрлі қалалардан келді.

XVII Азиялық логикалық конференция аясында математиктердің келесі кездесуі Жапонияда 3 жылдан кейін өтеді деп күтілуде.

Фото: blog.ted.com