Шетелдіктер қазақ тілін үйренеді

Шетелдіктерге қазақ тілін үйрету. Назарбаев Университетінде тілден бөлек ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, тарихи орындармен таныстыратын бірегей бағдарлама жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта білім ордасы британиялықтарды Қазақстанға шақырды. Соңғы 13 жылда Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 13 млрд доллар көлемінде қаржы құйды. Бүгінде бизнесмендерден басқа қарапайым британиялықтардың да Ұлы Дала еліне деген қызығушылығы жоғары. Әсіресе Қазақстанның рекреациялық туристік әлеуеті тартымды. Енді жергілікті мәдениетпен тереңірек танысу үшін британиялықтар Нұр-Сұлтан қаласына келе алады.

ПАТРИК ДЬЮПАРК, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЖОҒАРҒЫ БИЗНЕС МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ :

 - Түркі тілдерінің түп қазығы – қазақ тілі. Өте бай тарихы бар. Бәлкім, оны жұрт латын және герман тілдері сияқты үйренбеген шығар. Археологтар әрдайым маған Қазақстан тарихи және археологиялық қазыналарға бай деп айтады. Ал елдің мәденитетін ұғу үшін оның тілін түсіну керек.

Тілдік ортада өмір сүріп, деңгейіне қарай қазақша үйренуге арналған бірегей әдістеме 8 апта оқытылады. Сонымен қатар орыс тілін де үйренуге мүмкіндік бар. Студенттер Назарбаев Университетінің кампусында тұрады. Олар елдордада саяхаттайды, Бурабайға барады. Қорғалжын ұлттық қорығындағы қызыл қанат қоқиқаздарды тамашалап, бүркітшілердің аңға құс салғанын да көре алады.

ЛЕВИ ДОС САНТОС, СТУДЕНТ:

 - Жаңа тіл үйренсем болашақта мүмкіндігім молаймақ. Қазақстан өте тез дамып келеді және әлемдік қауымдастық алдында танымал. Жаңа тіл үйрену арқылы менің көкжиегім кеңейетіні айдан анық.

Жиында университеттің «Еуразиялық зерттеулер» және инженерия сияқты академиялық бағдарлармалары да сөз болып, оқу тәртібі түсіндірілді.

Фото: 24.kz