Ақмола облысында шыңға өрмелеуден «Бурабай-2019» республикалық фестивалі өтті

Ақмола облысында шыңға өрмелеуден «Бурабай-2019» республикалық фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты – курорттық аймаққа жаңа туристерді тарту. Сонымен қатар биікке өрмелеуден республикалық фестиваль «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.

ЕРКЕҒАЛИ ҚАРБОЗОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ «СПОРТТЫ ДАМЫТУ ДИРЕКЦИЯСЫ» РМҚК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бұқаралық спорттың аясы да, географиясы да кеңеюде. Мысалы, соңғы жылдары біз шығыста, әсіресе Алакөлде, Бұқтырмада дуатлоннан сайыстар, бұқаралық спорттық шараларды, батыста, әсіресе Маңғыстауда автоспорттан жарыстар өткіздік. Ал биыл сұлу Көкше жеріндегі Бурабайда құзға өрмелеуден республикалық фестиваль ұйымдастырып отырмыз.

Бурабайға елдің түкпір-түкпірінен шыңға өрмелеушілер жиналып, «Оқжетпестің» биігіне шығудан жарысты. Олардың арасында 15 жыл бойы альпинизммен айналысып келе жатқан Андрей Литовченко де бар. Бастапқыда қатысушылар таудың етегіне жеткенше 300 метр жол жүрулері керек. Ал таудың биіктігі шамамен – 150 метр. Шың басына шыққандарға ұйымдастырушылар арнайы медаль тақты.

АЛЕКСАНДР ЛИТОВЧЕНКО, СПОРТШЫ:

 - Оқжетпес – өрмелеп шығу үшін техникалық тұрғыда өте күрделі таулардың бірі деп айтуға болады. Құздары мен жартастары көп. Сондықтан аяқтың жұмысын көбірек талап етеді.  Біз арнайы ілгек арқылы қолдың күші қажет болатын тауларға үйреніп қалдық. Ең бастысы, шыңына шыққан сәтте әсем көрініс ашылады. Жауһарлы мекеннің ауасы да мүлдем басқа, ерекше әсерге бөлейді.

Фестивалге қатысушылардың ең кішісі – 12 жаста. Осындай қиындықтарды артқа тастап, тау басына шыққандарға ұйымдастырушылар арнайы медаль тақты.

СЕРГЕЙ БЕЛЯКОВ, АЛЬПИНИЗМНЕН ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

-  Бұл фестивальдің мақсаты – адамдарды салауатты өмір салтына баулу, таза ауада демалуға тарту болып табылады. Тұрғындардың назарын Қазақстанның басты інжу-маржаны ретінде Бурабайға аудару, сонымен қатар белгілі бір кезеңдерде әуесқойларға қолжетімді екенін көрсету.

Бурабай көптеген жылдар бойы қазақстандық және шетелдік қонақтарды қызығушылығын арттырып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай фестивальдерді өткізу арқылы курорттық аймаққа келетін туристер ағыны кемінде 2 есеге көбейеді. Мұнда белсенді және пассивті демалыс үшін барлық жағдайлар жасалған. Көздің жауын алар тұмса табиғатынан өзге, өлке бай тарихқа ие.

Фото: sputniknews.kz