Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы өңіріне 1 млн-ға дейін саяхатшы тартылған

Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы өңіріне 1 млн-ға дейін саяхатшы тартылған

Қазақстан елдің негізгі туристік аймақтарына кемінде 1 млн саяхатшы тартуды мақсат тұтады. Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы өңірі бұл межені бағындырды. Өзге курорттық орындарда да туристік ағынның артып келетіні байқалады. Мәселен, өткен жылы Бурабайдағы демалушылар саны 800 мыңнан асты. Түркістанда 500 мың болса, Баянауылға 200 мыңнан астам турист келген.

АЯ НҰРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, ТУРИСТІК ФИРМА ДИРЕКТОРЫ:

 - Үстіміздегі жылы электронды виза жүйесі іске қосылды. Бұған дейін Қазақстанға келем деген саяхатшылар құжат жинап рәсімдеу үшін елшілікке баруға мәжбүр болды. Онда берілетін рұқсатты апталап күтетін. Қазір қағаз бастылықпен жол машақаты шешілді. Енді елшілікке барудың қажеті жоқ. Виза алу үрдісі  онлайн түрде жүргізіледі.

Саланың тамырына қан жүгірту үшін 2025 жылға дейін туризмді дамытуға арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. Бүгінде 10 негізгі бағыт анықталды. Құжатта инфрақұрылымды жаңғыртып, инженерлік желілерді тартуға қаржы көздерін табу жағы қарастырылған. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестиция тартуға басымдық берілген.

ДИДАР АРЫСТАН, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЖӘ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТАЛДАУШЫСЫ:

 - Неліктен инвестор? Өйткені іскер азамат қаржы құятын кәсіпті мұқият зерттейді. Бұл салада тәжірибесі мол болу керек. Қызметтің сапа талаптары сақталады. Ресейлік тараптан қызығушылық болуы мүмкін. Себебі біздегі салықтық жүйе жеңілдіктерді ескермегеннің өзінде әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан ресейлік бизнесмендер біздің экономикаға кіргісі келеді. Көптеген сарапшылардың пікірінше, ресейлік инвесторлар Қазақстанға қаржы салуға ынталы.   

2023 жылға дейін елімізге келетін туристік ағынның көрсеткішін 2 есе өсіру көзделген. Осылайша, алдағы 5-6 жылда саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 %-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Фото: sputniknews.kz