Балыққа төлқұжат не үшін қажет

Атыраудағы бекіре балықтарын өсіретін екі зауытта барлық бекіре тұқымдас балыққа молекулалық-генетикалық құжат беріле бастады. Ол үшін балықтардан биологиялық материал алынып, денесіне микрочип енгізіледі. Ол мағлұмат ортақ базаға енгізіледі. Осы ақпарат арқылы балықтардың өзендер мен теңіздегі қозғалысын анықтауға болады.

МАЙРА ЗҰЛҚАШЕВА, ЗАУЫТТЫҢ БАС БАЛЫҚ ӨСІРУШІСІ:

- Чип өте кішкентай. Балықтың денесіне енгізгеннен кейін де оның зиян келтірмейді. Кез келген сканермен ақпарат оқуға болады.

Жалпы зауытта 3,5 мың дана бекіре шабағы өсіріледі. Сондай-ақ көктемде Жайық өзені мен Каспий теңізінен ауланған балықтардың есебінен зауыт қоры қайта толығып келеді. Биыл ауланғандардың ішінде шоқыр мен сүйрік балықтары көп. Олардан алынған шабақтар арнайы тоғандарда өсіріліп жатыр. Сондай-ақ тұқымдық балықтардың қай зауытта өсірілгендігі туралы толық ақпарат базаға жинақталады. Бұл шара бекіре балықтарының тұқымдық сапасының сақталуына игі ықпал етеді, - дейді мамандар.

ЖҰПАР ӨТЕУЛИЕВА, БЕКІРЕ ЗАУЫТЫНЫҢ ТЕХНОЛОГЫ:

- Генетикалық төлқұжат жасау арқылы біздер аталық және аналық балықтардың денсаулығы бойынша толық мағлұмат ала аламыз. Сонымен бірге генетикалық төлқұжаттарды жасау арқылы біздер Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың генетикалық алуан түрлерін сақтау үшін маңызды.

Бұл шара әлемдік нарықта құны алтынмен бағаланатын қара уылдырықты экспорттауға да игі ықпал етеді. Ортақ базадағы ақпарат арқылы өнімнің қай зауытта, қандай балықтан алынғандығы туралы толық мағлұмат алуға болады, - дейді мамандар.

Фото: greenbag.ru