4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күні

4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күні

Осыдан 27 жыл бұрын егемендігіміздің белгісі ретінде бекітілген Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылық болып қала бермек. Мемлекеттік рәміздер барша қазақстандықтың рухын асқақтатып, ұлттық бітім-болмысын айшықтайды.

Ортасында шұғылалы күн және қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көк Туымыз – суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы.

Ал көгілдір түс аясында шаңырақ түрінде өрнектеліп, қос жақтауында пырақтар қанат жайған Елтаңба – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың еңбегі.

Мәтінін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, ал әнін Шәмші Қалдаяқов жазған «Менің Қазақстаным» әні де тәуелсіздік нышандарының бірі. 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңіне Шәмші Қалдаяқов ән жазған болатын. Жаңа Әнұранның мәтіні бүгінгі өмір талаптарына сай, мемлекеттік әнұранға жоғары мәртебе беріліп, еліміздің Тұңғыш президенті-елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан толықтырылды.

Мерекеге орай еліміздің өңірлерінде дәстүр бойынша бұқаралық іс-шаралар, флеш-мобтар мен мерекелік концерттер өтеді.

Фото: inform.kz