Аралды қалпына келтіру – ортақ міндет

Арал алабында орналасқан орталықазиялық бес мемлекет су айдынын қалпына келтіру шараларын бірлесе атқаруда.

Теңіздің қазақстандық бөлігінде САРАТС жобасы қолға алынған. Бүгінде оның екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша, Қызылорда облысында Күміскеткен су қоймасы салынып, Қараөзек торабы қайта жаңғыртылмақ.

ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Күміскеткен контрреттегіш ретінде жұмыс істеу керек. Көктемгі суды алып, қажетті суармалы жерлерге су жеткізу үшін. Ал Қараөзек көлдер жүйесін 60 шақты көлге қажетті суды қамтамасыз ететін су қоры болу керек. Сондықтан осы жобаны іске асыруға Елбасы тапсырма берді, Үкіметте арнайы қаулымен осы жұмыстарға тиісті қаражат жоспарланды.

Ал САРАТС-тың 1-фазасы аясында салынған Көкарал бөгетінің ақаулы тұстарын жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде теңізден бөлек көлдер жүйесі де қалыпқа келтіріледі. Қазірдің өзінде аймақтағы 158 көлдің арнасы толды.

МҰХТАР ОРАЗБАЕВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Судың көлемі үлкейген сайын, балықтың да көлемі ұлғаяды. Ғылыми зерттеу институттары балық қорына байланысты лимит беріп отыр. Ауланатын балық жылына 7100-7200 тоннаны құрамақ. Келешекте 2-фаза басталса, судың көлемі 2 есеге ұлғаяды деуге мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз бүкіл Қазақстанды сапалы Арал балығымен қамтамасыз етеміз. Ауысқан балықты экспортқа шығара аламыз.

Кезінде кенезесі кеуіп, 150 шақырымға кетіп қалған су айдыны мен аудан орталығын қазір 17 шақырым жер бөліп тұр. Енді САРАТС-тың 2-фазасы басталуымен теңіз толқыны Арал қаласына жетеді деп жоспарланып отыр.

Фото: dekatop.com