Қазақстанда ішкі туризм ілгерілей бастады

Ішкі туризм ілгерілей бастады. Өткен жылы ел ішінде демалуды жөн көрген қазақстандықтардың саны 5 милионға жуықтаған. Ішкі туристердің 80 пайызы демалыс үйлерін, туристік базаларды таңдаса, тағы 16 пайыздан астамы табиғи аймақтар мен қорықтарды аралаған. Ал 5 пайыздайы санаторлық-курорттық мекемелерде демалған, деп хабарлайды energyprom.kz.

Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың ішкі туризмге деген қызығушылығын сөзсіз айғақтайды, дейді сарапшылар. Азаматтардың сұраныстарын зерттеу, демалыстарын тиімді ұйымдастыруға көмектесу мақсатына туроператорлар үшін елімізде алғаш рет ақпараттық тур ұйымдастырылды.

ГАУХАР ЖЕҢІСБЕК, «KAZAKH TOURISM» АҚ ҰК ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Осы ақпараттық турды өткізе отырып, халықты қажет ақпаратты қамтамасыз еткіміз келді. Өйткені көбі ел ішіндегі бағыттар мен турөнімдер туралы көп біле бермейді.

Туристік компаниялардың өкілдері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы шипажайлар мен демалыс орындарын аралайды. Бурабай мен Зерендідегі екі күннің ішінде отандық операторлар мен шипажайлар арасында 180-ге жуық келісімшарт жасалды. Сапар барысында арнайы материалдар әзірленіп, демалыс аймақтары халық арасында кеңінен насихатталмақ.

Атап өтейік, былтыр шекара аспай, елімізде демалғандардың саны 7 процентке өскен. Тек өзімізде емес, туризмді шетелдіктерге де жарнамалау өзекті болып тұр.

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ҰЛТТЫҚ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Қазақстанды жан-жаққа жарнамалау керек. Ең біріншіден, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына туристерді тартуымыз керек. Сосын әрі қарай кете береді. Туристер келген сайын инфрақұрылым да жөнделеді. Сервистің деңгейі де көтеріледі.

Туристік тартымдылығы жоғары бағытардың бірі – Шымкент қаласы. Ол демалушылар үшін жылы ауа-райымен, көрікті табиғатымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен және дәстүрге айналған халықаралық шараларымен қызықты. Мұнда табан тірегендер оңтүстіктің қонақжайлығына тамсанады. Әр көктемде «Сейіл Қошқарата» мен қызғалдақтар фестиваліне мыңдаған қонақ жиналады. Жергілікті билік туристік инфрақұрылымды жетілдіруге мән беріп отыр.

ТҰРАР АХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Шымкентте биылғы жылы әуежайдың жаңа терминалы бой көтеруде. Сондай-ақ теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өткізілмек. Бұдан бөлек бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар бар. Мәселен футбол стадионы, Конгресс орталығы салынуда. Біз шаһардың ескі ауданының туристік тартымдылығын арттырмақпыз. ТМД, Өзбекстан, Түркия, Малайзия азаматтары және қазақстандықтар Шымкентті көбінесе ғибадат ету туризмі үшін таңдайды.

Еске салсақ, елімізде 2023 жылға дейін Туристік саланы дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданған. Басты міндеттердің қатарында ішкі және кірме туризмді ілгерілету, өңірлік мәдени-туристік кластерлерді дамыту және ел экономикасындағы туристік саланың үлесін арттыру.

Фото: adventurous-travels.com