XVI Еуразиялық Медиа Форум ресми түрде ашылды

XVI Еуразиялық Медиа Форум бүгін ресми түрде ашылды. Сондықтан құрметті қонақтар мен қатысушылар кешегіге қарағанда көп болды. Тақырыптар да өзекті әрі мазмұнды. Мысалы, «Жаһанданусыз: әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» деп аталған жиын тартысты өтті. Себебі қазіргі күні әлемдік экономикадағы көпжылдық жаһандану үрдісінде «кері қозғалыс» байқалады, дейді сарапшылар. Ал әлем үшін маңызды осындай тақырыптардың қазақ топырағында талқылануының өзі мәртебе, дейді қатысушылар.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

- Ешбір мемелекет өз бетімен өмір сүре алмайды. Біз де Қазақстаннан тыс басқа елдерсіз өмір сүре алмаймыз. Қазір дүниежүзі бір ауыл сияқты болып қалды. Сондықтан бүкіл әлемде болып жатқан нәрселердің Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Форум осындай маңызды сұрақтарды талқылайтын жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

АҚШ-тан келген сарапшылардың дені жер бетіндегі халық санының қарқынды өсуіне байланысты энергетикалық ресурстар мен азық-түліктің тапшылығы туралы сөйледі. Ал «Ақпараттық технология: адамзаттың азуы ма, әлде гүлденуі ме?» деген тақырыпта Ресей, Қазақстан, Румыния, Кения елдерінің сарапшылары өзара ортақ пікірге келе алмады.

МАРТИН ФОРД, «МАШИНАЛАР КӨТЕРІЛІСІ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ, ФУТУРОЛОГ /АҚШ/:

- Қазір жаңа технология қарқынды дамып келеді. Әсіресе білім және медицина саласын атап өтуге болады. Бірақ соның нәтижесінде адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан  жаңа жетістіктер мен технологияларды дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, XVI Еуразиялық Медиа Форумның ертеңгі жұмыс күні де салмақты болмақ.

Фото: toppress.kz