Алматыда XVI Еуразиялық Медиа Форум өтіп жатыр

Алматыда XVI Еуразиялық Медиа Форум өтіп жатыр

Алматыда XVI Еуразиялық Медиа Форум өтіп жатыр. Халықаралық геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыланатын алаң биыл 43 елден келген 700-ге жуық сарапшының басын қосты. Жалпы, медиафорум аясында әлемге әйгілі журналистер 7 шеберлік дәрісін өткізеді. Сабақтар «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік қолдау қорының демеуімен ұйымдастырылды. Алғашқы күні медиа саланың белгілі өкілдері мобильді журналистика туралы әңгімеледі.

ИВО БУРУМ, МЕДИА ПӘНДЕР ОҚЫТУШЫСЫ /АВСТРАЛИЯ/

- Мобильді журналист - бұл оқиға туралы жазып, тексеріп, жылдам жариялайтын адам. Яғни қолынан бәрі келетін қабілетті адам. Сондықтан бәріне үйреніп, өз біліктігіңізді арттыра беру қажет.

Медиакеңістіктегі соңғы трендтер де – форум тақырыптарының бірі. Мәселен, қоғамның құлағы үйрене бастаған фрилансер қызметі журналистикаға дендеп еніп келеді. Қашықтан жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің қызметі қаншалықты тиімді? Ерекшелігі неде?

ДЖЕННИ КЛИМАН, ФРИЛАНС ЖУРНАЛИСТ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

- Журналистика саласында фрилансер болу үшін үлкен жауапкершілік пен тәуекелге бару керек. Батыл болу шарт. Журналист өз идеясын ұсынып, табандылық таныта білуі тиіс.

Еуразиялық Медиа Форум ертең де жұмысын жалғастырады. Халықаралық сарапшылар «Бүгінгі әлем: Шынайылық трансформациясы ма?» деген тақырып аясында пікір таластырып, панельдік сессияларға қатысады. Сонымен қатар цифрлық журналистиканың болашағы мен жасанды зердені қолдану бойынша ой бөліседі. Осымен 16 жыл қатарынан Қазақстан осындай маңызды кәсіби тақырыптарды тақғылайтын алаң ұсынып келеді. Бұл тек шеберлік пен пікір алмасу ғана емес, сондай-ақ әлемнің болашағы төртінші билік өкілдерінің жұмысына байланысты екенін де халыққа жеткізу.

Фото: eamedia.org